Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте вегетациялық кезеңге дайындық, «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен атқарылып жатқан жұмыстар барысы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысындағы республикалық меншіктегі су қоймалардың жиналған судың орташа көлемі 90 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, Қырғызстан тарапымен вегетациялық кезеңіне алдын ала Киров су қоймасынан 520 млн текше метр, Шу өзені бойынша 222 млн текше метр су алуға келісім алынды, су алу кестесі алдағы «Шу-Талас» комиссия отырысында бекітілмек. Су пайдаланушылармен 492,5 млн текше метр үшін 1488 келісім шарт қол қойылған, ағымдағы жылдың вегетация кезеніне 750 млн текше метрге,107,5 мың гектарға су беру жоспарлануда.
Облыс әкімі су каналдарын реттеу және жөндеу жұмыстары бойынша мәселелерді сынға алды.
Біз шаруаларға қағазбастылық, құжатқа қатысты мәселелерді айтып, ақтала алмаймыз. Оларға нақты нәтиже керек. Осы тұрғыда жұмысқа деген көзқарасты өзгерту керектігін үнемі айтып келемін. Жауаптылар су каналдарын күнара аралап, жұмыстардың басы-қасында жүруі тиіс. Қажет болса, күні-түні жұмыс істеңіздер. Тек су беруде мәселе туындамауы қажет, - деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының жұмысына қатысты арыз-шағымдарға, берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуына саралау жүргізу керектігін тапсырды. Жиында өзге де тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.