Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша 232 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың басын құрап жұмыс істеп тұрған 55 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Бүгінде олардың 31-і сүт, 20-сы ет, 1-еуі құс етін өндіру, 3-еуі көкөніс өсіру бағытында жұмыс істейді.
«2017-2018 жылдары кооперативтердің техника сатып алу мен қажетті нысандарын салуға республикалық бюджеттен 396,6 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 12 танкер, 4 автокөлік, 1 рефережиратор көлігі сатып алынып, 4 мал сою пункті, 1 құрама жем жəне инкубатор нысандары салынған», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев.
Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 84,4 миллион теңгесі 8 330,6 тонна сүт үшін төленген екен. Соның ішінде 6 018 бас бұқаға – 120,4 миллион, 1270,5 тонна құрама жемге – 23,3 миллион, 20 қондырғы мен техникаға 165,5 миллион теңге беріліпті. Нәтижесінде сүт зауыттарының жүктемелері 38-ден 56 пайызға жоғарылағаны байқалуда.
Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері ашылғалы бері сүт бағытында 6 756, ет бағытында 10 019 бас мүйізді қара сатып алынған.
Алдағы уақытта Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірде 98 кооператив ашуды жоспарлап отыр. Яғни болашақта 153 ауылдық округте бір-бірден осындай құрылым ірге көтермек. Бұл іс кеңінен қолдау тапса, сүт бағытында 3 мың, ет бағытында 2 500, көкөніс пен құс өсіру бағытында 1 500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туатын болады.
«Ал 2020 жылы жылына сүттен – 25 000, еттен – 10 000, көкөністен – 10 000 жəне құс етінен 1 000 тонна өнім алу көзделіп отыр», - дейді Берік Нығмашев.