Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев әкімдіктер қанша соманы игере алмағанын айтты.
Биылдың 2 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы баяндады.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 138 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны - 47 млрд теңге. Осы жылы өңірлерге 2,6 трлн теңге сомасына жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 310 млрд теңге бөлінген. Оның 96,8%-ы игерілген, - деп айтты министр.
Оның келтірген мәліметіне сәйкес, атқарылмағаны – 10 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге – үнемдеу, 6 млрд теңге игерілмеді.
Ең көп игерілмеу Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Түркістан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында қалыптасты, - деп толықтырды Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр республикалық бюджетті игере алмаған министрліктерді де атаған болатын.