Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-қадамын және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлім етті.
Жеке тұлғалар бірінші жылы Декларациялау жүйесіне кіру күніне жинақталған активтерді тіркеу үшін активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясын тапсырады, кейіннен негіз болған жағдайда жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін бірінші болып декларациялайды, өйткені бұл санат азаматтардың неғұрлым дайындалған санаты болып табылады. Олардың 99,9 пайызы салық есептілігін электронды түрде ұсынған, -деді ол.
Оның айтуынша, жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Декларациялар алынған кірістер, әлеуметтік шығыстар бойынша қолданылатын салық шегерімдері туралы ақпарат көзі ретінде пайдаланылатын болады және халықты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралына айналады.
Сонымен қатар Жайдар Іңкәрбаев жалпыға бірдей декларацияның кезеңдеріне тоқталды.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары (зайыптары) активтері мен міндеттемелері туралы «кіріс» декларациясын екінші болып ұсынады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаумен бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен қамтылады.
Соңғысы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттарын декларациялаудан өтеді. Алдын ала деректер бойынша жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне 13 млн адам кіреді, - деп атап өтті спикер.