Мемлекеттік қызмет істері департаменті Ақмола облысында жүргізген тексеріс нәтижесінде іссапар шығындарын төлеуде бірқатар бұзушылықтар тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомство мәліметінше, 416 мемлекеттік қызметшінің құқықтары бұзылған, оның ішінде 161 жағдайда қызметкерлер қосымша жұмыс уақытына заңсыз тартылған. Нәтижесінде жалпы ұзақтығы 296 сағаттан асатын қосымша демалыс күндері берілді.
Сонымен қатар, іссапар шығындарын толық өтемеу фактілері анықталды. Кейбір қызметкерлерге төлемдер бюджеттік қаржы жетіспеушілігіне байланысты мүлдем жүргізілмеген. Департаменттің араласуынан кейін 195 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 9,4 млн теңге өтелді.
Бұдан бөлек, тексеріс барысында нормадан тыс іссапар шығындары бойынша 119 жағдай анықталған. Жалпы көлемі – 2,8 млн теңге. Оның ішінде 1,2 млн теңге ерікті түрде қайтарылды.
Сонымен бірге, 43 мемлекеттік қызметшіге еңбек демалысы үшін қаражат уақтылы төленбегені белгілі болды. Кешіктірілген төлемдерге қосымша 59 мың теңге өсімпұл есептелді.