Жалғызбасты қарттар шипажайда тегін ем алады

22 Қазан 2022, 18:50
1209
Бөлісу:
Жалғызбасты қарттар шипажайда тегін ем алады

Атыраулық жалғызбасты қарттар мен ардагерлер шипажайда тегін ем қабылдайды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Республика күніне орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірдегі алпауыт мұнай компаниясы және "Атырау Санаторийі" АҚ үш жақты келісім-шарт жасасты.

Оның аясында жауапты басқарма облыстағы ем-домға аса мұқтаж 100 қарт пен зейнеткердің тізімін жасайды.

Келісім-шарт негізінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыстағы  100 жалғызбасты қарт пен  ем-домды қажет ететін зейнеткердің тізімін жасап, жолдама береді.

Біздің басты мақсатымыз-қарттарға қамқорлық көрсету. Сол себепті шипажайға жолдама беруді дұрыс деп санадық. Көп жағдайда егде жастағылар елдің өзге өңірлеріндегі шипажайларға барудан бас тартады. Атырау» шипажайы басшылығымен «ТШО» компаниясына ұсынысымызды білдірдік. Олар ұсынысты қабылдап, 100 жолдамаға қаржы бөлетін болды. Осындай мүмкіндікке жол ашқан «Атырау» шипажайы мен «ТШО» ЖШС-не алғысымызды білдіреміз, деді басқарма басшысы Азамат Мәмбетов.  

Тегін жолдама алатындардың тізімі осы айдың аяғына дейін әзір болады. Қарашаның бірінен бастап қарттар ем қабылдауды бастайды. Олам  10 күн бойы балшықпен және парафинмен емделіп,  минералды ванна, физиотерапия, емдік массаж және галотерапия (тұз бөлмесі) сияқты  процедуралардан өтеді. Сонымен қатар, төрт мезгіл тамақ пен стандартты бөлме де қарастырылған. 

Біз қала және облыс тұрғындарына қолдау көрсеткенімізге  қуаныштымыз. Аға буын лайықты демалысын жақсы өткізеді деп сенеміз. Айта кетейік, біздің компания үшін Жылыой ауданы ерекше маңызға ие, өйткені компанияның өндірістік қызметі осында.Сондықтанда, аға буын өкілдерінің денсаулықтарын жақсарту мақсатында қолға алынған іс-шараны қуана-қуана қолдап, жолдаманың көп бөлгін жылыойлықтарға беруді ұсындық. Жалпы ТШО компаниясы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөледі – деді, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен Аронов.

Бұдан бөлек биыл Атырау облысының тағы 2000 тұрғыны әлеуметтік портал арқылы елдің өзге өңірлеріндегі шипажайларға жолдама алды. Портал арқылы мұнайлы аймаққа келгендер де жоқ емес.
 

Өзгелердің жаңалығы