“Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” республикалық конференциясы аясында “Ұлттық диктант” жобасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық диктант жобасы жазу мәдениетіне, жазу сауаттылығына, ойымызды жазбаша түрде көрікті етіп жеткізе білу дағдысын қалыптастыру мен оны дамытуға арналған. Зерттеушілердің мәліметтеріне қарасақ, қазіргі заманда адамдар бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда көп жазатын болды. Себебі қолымызда телефон бар, хат-хабар жазу арқылы жеткізіледі. Бірақ өкінішке қарай, сол жазудың сапасы түсіп бара жатыр. Өйткені тыныс белгілеріне, жазу сапасына, жалғау-жұрнаққа көп назар аудара бермейміз, - деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Ол диктант мақсаты емтихан жасау, біреуді сынап, қатесін әшкерелеу емес екенін атады.

Бәріміз бірге осы диктантты жазу арқылы өзімізді өзіміз сынап көріп, содан кейін өзіміз жіберген қатені керек болса тауып, мамандардан сұрап, бұдан кейін сондай қатені жібермеуге іштей бекінсек. Ал кімдер қатысады десек, бүгін осы конференцияның қатысушылары бастап береді. Ары қарай еліміздің барлық аймақтарындағы оқу орындары, мектептер, колледждер, университеттің оқытушылары, студенттері, ұжымдары, жеке адамдар болып онлайн да, оффлайн да қатысып, осыған үлес қоса алады, - деді Рауан Кенжеханұлы.
Республикалық конференцияның ресми бөлігі аяқталған соң Ұлттық диктантқа конференция қатысушыларының барлығы қатысты. Диктантты белгілі диктор Қымбат Досжан жүргізді. Диктант мәтіні қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан таңдалды. Қатысушыларға баға қойылмайды, әркім өз сауаттылығын өзі тексереді.
Диктантқа кез келген азамат қатыса алады. Онлайн диктантты www.til.kz платформасындағы “Ұлттық диктант” парақшасында кез келген уақытта кез келген жерде жазуға болады. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.

“Ұлттық диктант” қорытындысы жыл соңына дейін жарияланып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Айта кетейік, бұл іс-шара Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналып Астана қаласындағы Назарбаев университетінде “Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” атты республикалық конференция аясында Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен өтті.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде жеке куәлігіндегі аты-жөнін ресми түрде қазақшалау бойынша челлендж жариялаған еді.