Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жалған пациенттер мен қосарланған төлемдер: Үкімет ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің қарамағына берді

Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет медициналық қызметтерді қаржыландыру жүйесіне ауқымды талдау жүргізді. Нәтижесінде жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыру барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2025 жылғы 18 желтоқсанда Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін кешенді түрде талдауды тапсырған. Тексеру қорытындысын Премьер-министрге Мәди Такиев баяндады.

Анықталғандай, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсіп отырғанымен, жүйенің тиімділігі артпаған. 2026 жылы бұл мақсатқа 2,4 трлн теңге қарастырылған. Ал 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгеге жеткен. Алайда қаражаттың елеулі бөлігі медициналық қызмет көрсетуге емес, Қор активтерінде жинақталған.

Қаржы министрлігі жүргізген IT-аудит медициналық ақпараттық жүйелерде жүйелі заңбұзушылықтардың барын көрсетті. Атап айтқанда, жалған пациенттерді тіркеу, қайтыс болған адамдарға қызмет көрсету, бір науқасты бірнеше ұйым арқылы қатар қаржыландыру, балаларға шамадан тыс дәрі-дәрмек жазу, жынысына сәйкес келмейтін скринингтерді тіркеу фактілері анықталған, - делінген ақпаратта.

Мәселен, кейбір жекеменшік клиникаларда бір күнде 1 400-ден астам пациент қабылданғаны тіркелсе, жекелеген дәрігерлер бір айда бірнеше мың науқасқа қызмет көрсеткен болып шыққан. Сондай-ақ 2023 жылы қайтыс болған азаматтардың 2025 жылы қабылдауға жазылған жағдайлары да тіркелген.

Бұдан бөлек, салық органдары медициналық ұйымдар басшыларының табысы мен мүліктеріне талдау жүргізіп, 2024–2025 жылдары мыңдаған жылжымайтын мүлік пен автокөліктің сатып алынғанын анықтады. Жекелеген басшылар ондаған пәтер мен бірнеше автокөлікке иелік еткен.

Үкімет жүйеде бақылау тетіктерінің әлсіз екенін, деректердің бірыңғай базасының жоқтығын, қаржыны үнемдеуге ынталандырудың қалыптаспағанын және тарифтердің шамадан тыс көп екенін атап өтті, - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Талдау қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданады, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің басқаруына беріледі, денсаулық сақтау жүйесінің барлық қаржы және бизнес-процестері толық цифрландырылып, Қордың инвестициялық саясаты қайта қаралады.

Өзгелердің жаңалығы