Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақтың айтуынша, заңдағы маңызды түзетулердің бірі – автокөлікті қайталап немесе бірнеше рет мемлекеттік нөмірсіз басқарғаны үшін жауапкершілікті күшейту.
Сондай-ақ автокөлік құралдарына жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір орнатқаны үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылып отыр. Мысалы, бұрын тек айыппұл салынатын болса, енді жүргізушіні 1 жылға куәлігінен айыру және 5 тәулік қамауға алу қарастырылып отыр, - деді депутат.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобы 19 отырыс өткізді. Оған Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер, Әділет, Қорғаныс, Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрліктерінің, Қаржы мониторингі агенттігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволар өкілдері шақырылды.
Бұдан бөлек, басқа заңдардың кейбір нормаларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Осыған орай заң жобасының атауы да өзгерді.
Айта кетейік, депутаттар заң жобасын мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жолдады.