Жалған мекенжаймен қор тіркеп, қайырымдылықты бүркеме еткен. Перизат Қайрат ісі бойынша сотта тағы бір тың дерек жария етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалинаның мәліметінше, Перизат Қайрат 2021 жылы Астанада "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін жалған мекенжайда, іс жүзінде компьютерлік клуб орналасқан ғимаратта тіркеген. Құжаттар оның атынан тапсырылып, құрылтайшылар атынан жасанды қолтаңбалар қойылған.
Сотта жауап берген құрылтайшылар жиналыс хаттамасына ешқашан қол қоймағандарын айтты. Куәгерлердің бірі өз атынан құрылтайшылар құрамында болғанын алғаш рет жаңалықтардан білгенін мәлімдеді, – деді Оразалина.
Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, құрылтай жиналысының хаттамаларындағы барлық қолтаңбалар бір адамның – Қайраттың өз қолымен қойылғаны анықталған. Кейін айыпталушы қор атынан Instagram, Facebook желілерінде және ресми сайт арқылы қоғамдық белсенділікті жалғастырған.
2021 жылдың қарашасында Қайрат "Батыр" қоры үшін оңалту орталығын салуға қаражат жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Іс-шараға қазақстандық дизайнерлер мен мүмкіндігі шектеулі балалар шақырылып, сахнада пәтер кілттері тапсырылған. Алайда, прокурордың айтуынша, бұл сыйлықтардың Қайратқа еш қатысы болмаған – оларды басқа демеушілер ұсынған.
Оның мақсаты – өзін жалған қайырымды тұлға ретінде көрсету болған, – деп атап өтті прокурор.
Аталған кеш нәтижесінде қорға 12 миллион 600 мың теңге көлемінде қаражат түскен. Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, іс-шарадан кейін Қайрат "Батыр" қорының өкілдерімен байланысын үзген және жиналған ақшаны өз қажетіне жаратқан.
Әлеуметтік желілерде Перизат Қайрат орталық құрылысына 48 миллион теңге жиналғанын, сондай-ақ 100 миллион теңге тұратын ғимарат сыйға берілгенін жариялады. Алайда бұл нысан басқа қорға берілгені белгілі болды, – деді Мадина Оразалина.
Бұған дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.
Астанада өткен бүгінгі сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.
Сондай-ақ, айыпталушы Перизат Қайрат Kaspi Bank өкіліне қалай қысым көрсеткені де белгілі болды.