Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президентке ведомствоның 2025 жылы атқарған қызметінің басты нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде есеп берілді.
1135 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 141,5 миллиард теңге өтелген. 128 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айырбастаумен шұғылданған 15 қылмыстық топ пен 29 алаңның көзі жойылды.
Есірткі сатудан және алаяқтық жолмен тапқан ақшаны жылыстатқан 22 астыртын криптоалмасу қызметіне тосқауыл қойылды. Есірткі табысын заңдастыруға қатысы бар 1,1 мыңнан астам заңсыз онлайн криптовалюта айырбастау қызметі мен 20 мың дроп‑карта бұғатталды.
Қаржы секторында заңсыз кірісті жылыстатумен айналысты деген күдікке іліккен 2 мың компаниямен және 56 мың адаммен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылды. 53 инфрақұрылымдық жоба бойынша 264,2 миллиард теңге бюджет қаржысын негізсіз шығындауға, тауар биржасы басшылығының 2 миллиард теңге заңсыз сыйақы алу схемасына тосқауыл қою арқылы әлеуметтік маңызы бар көмір бағасының спекулятивтік өсуіне жол берілмеді.
Агенттік қызметкерлері контрабандалық жолмен шетелге 102 мың тонна бензин шығару әрекетін әшкерелеп, жанар-жағармай тапшылығының алдын алды.
Халықты онлайн-казинолардан сақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берілді.
Атап айтқанда, төлем қызметтерін ұсынатын 35 ұйымның көмегімен 2,1 триллион теңге қаражат заңсыз айналымда жүргені анықталды.
Табиғи ресурстарды барлау жұмыстарын атқармаса да, 437 жер қойнауын пайдаланушыға 625 жер телімін беру, сондай-ақ 382 мың тоннадан астам заңсыз өндірілген пайдалы қазбаны шығару фактілері тіркелді.
МӘМС жүйесінде көрсетілген қызметтердің санын қолдан көбейту, соның ішінде қайтыс болған адамдарға жалған медициналық көмек көрсету арқылы 26 миллиард теңге шығын келтіру фактісі мәлім болды.
Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.