Жалған дерек арқылы субсидия алған: Кооператив төрайымы 20 млн теңге үшін сотталды

Прокуратура анықтаған бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 11:06
Бүгiн 2026, 11:06
281
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Түркістан облысындағы Арыс ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында жүргізген тексеру нәтижесімен бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылдың сәуір айында ақпараттық жүйеге кооператив атына 2470 бас аналық ірі қара малды жалға алғаны туралы жалған мәліметтің, сондай-ақ селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны жөнінде ақпараттың енгізілуін ұйымдастырған.

Сәйкесінше мемлекеттен кооперативтің банктік есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаражаты аударылған. Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа және 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізіліп, заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңгені құраған, - деп хабарлады Түркістан облысы прокуратурасы.

Аталған факті бойынша прокуратура қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Соттың 20 ақпан 2026 жылғы үкімімен «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Заңсыз алынған ақшалай қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Наверх