Zhilfond.kz сайтында "Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша өткен азаматтардың тізімі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ мәлім етті.
Құрметті Астана қаласының жастары, zhilfond.kz сайтында "Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша өткен азаматтардың тізімі жарияланды, - деп сүйінші хабарын жеткізді ведомство.
Бағдарламадан өткендер екі тізімге бөлінді. Сілтемені басып, тізімді көре аласыз:
1) некеде тұрған іріктеуден өткен азаматтар;
2) некеде тұрмаған, іріктеуден өткен азаматтар.
Өтінім берген қатысушылар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізілді, пәтерлерді бөлу және бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданын айқындау конкурс қорытындысы бойынша қойылған балдар және өтініш берушідегі балалар саны (бар болса) негізінде жүзеге асырылатын болады.
Тұрғын үй қоры атап өткендей қоныстану күні мен уақыты, пәтердің мекенжайы бағдарлама бойынша өткендер үшін қосымша хабарланатын болады.
Бағдарламаның барлық қатысушысына өтінімнің мәртебесі туралы «Мақұлданды» немесе «Қабылданбады» SMS – хабарлама жіберіледі. Егер Сіз қандай да бір себептермен SMS хабарлама алмаған болсаңыз, онда сіздің өтініміңіздің мәртебесімен qatysu.zhilfond.kz порталындағы жеке кабинетте танысуға болады. «Мақұлданды» мәртебесі бар SMS алған, бірақ өткендердің жарияланған тізіміне кірмеген азаматтар пәтер лимиттерінің аяқталуына байланысты іріктеуден өткен жоқ. Қоныстану күні мен уақыты, пәтердің мекенжайы бағдарлама бойынша өткендер үшін қосымша хабарланатын болады және толық ақпарат Астана қаласының тұрғын үй орталығының ресми интернет-ресурстарында орналастырылатын болады, - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша қоныстандыру объектілер мен жалдау шарттарының дайындығына қарай жарияланатын қоныстандыру кестесіне сәйкес жүзеге асырылатын болады.