Жалдамалы тұрғын үйді кімдер ала алады. Қойылатын талаптар, нені білу керек?

11 Ақпан 2023, 12:16
10365
Бөлісу:
Жалдамалы тұрғын үйді кімдер ала алады. Қойылатын талаптар, нені білу керек?
Фото: Айқын

Жастар және отбасы істері комитеті жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру ережесіне өзгерістер дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жұмыс істеп жүрген жастар дегеніміз кімдер –  отыз бес жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алу үшін жұмыс істеп жүрген жастарға қойылатын негізгі талаптар:

1) отыз бес жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары;

2) өтініш берушінің осы елді мекенде өтініш бергенге дейін кемінде соңғы 3 (үш) жыл тұрақты тіркелгенін растау;

3) өтініш берушінің отбасы мүшелерінің осы елді мекенде тұрақты тіркеуінің болуы;

4) Қазақстан Республикасының аумағында, авариялық жағдайдағы, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының меншік құқығында өтініш бергенге дейін соңғы 5 (бес) жыл ішінде тұрғын үйдің болмауын растау.

Сонымен қатар жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібі әзірленді.

Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру мынадай кезеңдерден тұрады:

1) уәкілетті органның жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы хабарландыруды орналастыруы;

2) хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде өтініштерді қабылдау;

3) уәкілетті органның құжаттарды осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексеруі;

4) уәкілетті органның сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы шешім қабылдауы;

5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының өтініш берушімен тұрғынжайды жалдау шартын  жасасуы.

Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

  • 1) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттың (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады) көшірмелері;
  • 2) білімі туралы құжаттың көшірмесі;
  • 3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
  • 4) балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);
  • 5) өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
  • 6) жұмыс орнынан анықтама;
  • 7) өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бірақ 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшердегі ай сайынғы табысын растайтын соңғы алты 6 (ай) ішіндегі табысы туралы анықтама;
  • 8) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
  • 9) банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме;
  • 10) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса);
  • 11) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме (соңғы 6 ай үшін);
  • 12) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы хабарлама (куәлік);
  • 13) жеке кәсіпкер ретіндегі қызметтің соңғы жылындағы табыс салығы бойынша декларация.

Қажет болған жағдайда уәкілетті орган өтініш беруші және оның отбасы мүшелері туралы мәліметтерді нақтылау үшін қосымша құжаттарды сұратады.

Өтініш, құжаттар уәкілетті органға мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы арқылы беріледі.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай мынадай пайыздық арақатынаста жүзеге асырылады.

Жалға берілетін тұрғын үйдің 60 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған өтініш берушілерге;

Жалға берілетін тұрғын үйдің 40 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмаған  өтініш берушілерге.

Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беру туралы шешім шығарылғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде іріктеу нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды, сондай-ақ өтініш берушілерге қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған азаматтар шарт негізінде тұрғын үйлерге жіберіледі.

Құжат 24 ақпанға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.

Өзгелердің жаңалығы