Жалдамалы тұрғын үй қорын құру мәселесі талқыланады

22 Қазан 2022, 12:28
588
Бөлісу:
Жалдамалы тұрғын үй қорын құру мәселесі талқыланады

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызығушылық танытқан ынталы азаматтар үшін жеке жалға беру қорын құру бастамасын талқылауға арналған арнайы басқосу өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылатын жиын барысында коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының барлық қатысушылары аталған механизмді жетілдіруге байланысты өз ұсыныстарын білдіре алады. 

Осы ретте министрлік жалға беру қорын құру туралы нақты шешім қабылдамағанын айта кету керек. Ведомство бұл әдісті тұрғын үй мен жалдамалы баспана нарығында қалыптасқан түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешудің жолы ретінде ғана ұсынды.

Өкінішке қарай, еліміздегі жалға берілетін тұрғын үй нарығының дамуы кенже қалған. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, арендалық баспаналардың тұрғын үй қорындағы үлес салмағы 22 пайыз. Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен (50 пайызға жуық).

Бүгін елде жалға берілетін баспана нарығының басым бөлігі «көлеңкеде» қалып отыр. Бұл тараптағы жіті бақылаудың жоқтығы бағаның бей-берекет өсуіне және заңсыз қайшы әрекеттерге алып келуде. 2017 жылдан бері пәтерді жалға беру құны екі жарым есеге артқан. Атап айтқанда, бір шаршы метрді жалдау құны 1 329 теңгеден 4 029 теңгеге өскен. Көптеген пәтер иелері өз баспаналарын ешқандай келісімшартсыз өткізеді. Қазақстанда жайлы тұруға кепілдік беретін тұрғын үйді жалға берудің арнайы стандарттары бекітілмеген. Яғни, жалға берудің институционалдық нарығы қалыптаспаған.  

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жылжымайтын мүлікті инвестициялау қорлары тұрғын үйлерді жалға беру нарығындағы көптеген мәселені оңтайлы шешудің тетігі ретінде қарастырылады. Аталған инвестициялық қорлар жалға алу мөлшері есебінен тұрғын үй кезегіндегілердің мәселесін шешуге ықпалын тигізуі мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй көлемінің артуына да серпін бермек. 

Мәселен, Англиядағы Civitas ұйымы халықтың әлжуаз топтарына арналған әлеуметтік тұрғын үйлерге инвестиция салады. Бұл жүйе жаңа баспаналар құрылысына қаржы тарту үшін тұрғын үй қауымдастықтары мен жергілікті атқарушы органдармен өзара серіктестік нәтижесінде жүзеге асырылады. Аталған ұйыммен ынтымақтастық аясында мемлекет жалға алу мөлшерін 100 пайыз көлемінде субсидиялайды.

Былайша айтқанда, жылжымайтын мүлікті инвестициялау қоры ұжымдық инвестиция есебінен тұрғын үй салу немесе сатып алу арқылы оны басқаруды іске асыруға мүмкіндік береді. Қор үлес бағамының өсімімен қатар жылжымайтын мүлікті жалға беру есебінен де кіріс алады. Жылжымайтын мүлікті инвестициялау қорының акцияларын сатып алу жүйесі де қарастырылған. Бұл әдіс пәтер сатып алуға толық қаражаты жоқ азаматтарға пайда табуға мүмкіндік туғызады. 

Көптеген мемлекетте жылжымайтын мүлікті инвестициялау қоры корпоративті табыс салығынан босатылған. Бұл – инвесторлар тартудың тиімді әдісі ретінде қарастырылады.

Өзгелердің жаңалығы