Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін пәтерлерді алу үшін қойылатын талаптарды айтты.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде жалға берілетін 1000 тұрғын үй салынады.Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова жастарды қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы қашан әзірленетінін, механизмі мен жастарға қойылатын талаптар қандай болатынын сұрады.
«Осы қағидаларды дайындау жұмысын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент әкімдіктерімен жұмысты бастап кеттік. Жобасы дайын. Жобаны көрсетуге дайынбыз. Заң қабылданғаннан кейін барлық органға келісуге жіберіледі. Баспананы қажет ететіндер саны көп, сол себепті критерийлер өте нақты және дұрыс есептелген болуы тиіс. Негізгі талаптар: жас шамасы 29 жасқа дейін болуы, 2 не 3 жыл тұрғылықты тіркеуде болуы, қазіргі таңда әріптестермен жұмыс тобында осы норманы талқылап жатырмыз. Олардың міндетті түрде ТҮҚЖБ-да жинағы болуы тиіс немесе ашуы тиіс. Себебі бұл баспана 3 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Содан кейін ол адам ақша жинап, мемлекеттік бағдарламамен үйді сатып алуы тиіс», - деп жауап берді вице-министр.
Нығматулин бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жастарға осы бағдарламаны жеткізу қажет екенін айтты.
Бұған дейін, көпбалалы отбасыларға берілетін жалдамалы пәтерлерде кімдер тұра алатынын жазған болатынбыз.