Елімізде 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беріледі. Ұзақтығы 5 жыл. Бірақ жастардың жалға берілген пәтерді сатып алу құқығы жоқ. Десе де 5 жыл бойы өз баспанасына ақша жинауға берілген үлкен мүмкіндік. Алайда пәтерлерді жалға алған жастар бүгінде ақша жинау мүмкін емес екенін айтып, тұрып жатқан үйлерін Үкіметтен өздеріне бастапқы жарнамен сатуды сұрап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы 2019 жылы іске қосылды. Бұл жоба Жастар жылы аясында 29 жасқа дейінгі отандастарымызды қолдау мақсатында іске қосылған болатын. Бұл бағдарлама еліміздің үш мегаполисінде, дәлірек айтқанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асты.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев осы бағдарлама аясында уақытша баспаналы болғандар жастардың жанайқайын Үкіметке жеткізу үшін, сауал жолдады.
Жастар мен жалдамалы пәтер
Мұқаев атап өткендей, 2019 жылы – Жастар жылында жастар қуана қабыл алған, жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде жастардың басты мәселесіне айналып отыр. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады.
Депутат 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалғанын айтты. Оның айтуына қарағанда, мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары.
Мәжілісмен жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылғанын жеткізді.
Бүгінде елде баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. Мен бұл мәселені 1 сессияда да көтерген едім. «7-20-25» аты бар заты жоқ бағдарлама, ал Отбасы банк арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес! 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен. Көп қайда болса, шындық сонда демекші жастардың назына назар аударалық, - деп айтты Мұқаев Мәжілісте.
Депутат осы факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұрады. Сондай-ақ нарықтағы «Елорда, Алматы жастары» ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауы тиіс екенін жеткізді.
«Қымбатшылықты қуып жете алмай келеміз»
Жастарға берілген жалдамалы пәтерде тұратын елордалық Айдана Тұрсыматова бүгінде ақша жинау қиынға соғып отырғанын айтты.
2020 жылы жұмысшы жастарға арналған бағдарлама бойынша берілген үйден баспаналы болдым. Осындай бағдарлама үшін Үкіметке рақмет айтамыз. Карантинге тап болған уақытта осындай пәтерлер уақытша жұмыссыз қалғандарға көп көмегін тигізді. Себебі Астанада өздеріңіз білесіздер бір бөлмелі пәтер бағасының өзі ұшып тұр. Менің отбасыма 40 шаршы метр үй берілген еді. Айына 8 000 теңге төлейміз. Бағаны пәтердің әр шаршы метріне төлейміз, - дейді ол.
Елордалық тұрғынның айтуына қарағанда, пәтер берілгенде конкурсты жеңген жастар жиһазсыз, бос үйге көшіп келді. Жастардың көбі жиһаздарды, техникаларды банктерден пайызсыз бөлеп төлеу үшін қарызға алды. Олардың біразы қарыздарын енді төлеп бітіріп жатыр.
Оның үстіне кішкентайларымыз жекеменшік балабақшаға барады. Біздің ауданда мемлекеттік балабақшаға орын болмай жатыр. Осылайша тапқанымыздың көп бөлігі балабақшаға, азық-түлікке кетіп жатыр. Қазір қымбатшылық қысып тұр. Барлығының бағасы өсіп жатыр. Жалдамалы пәтер алған жастардың көбі отбасылы. Үйінде тек күйеуі жұмыс істейтіндер көп. Бала күтімінде отырған, көпбалалы атанған аналар үйде бала тәрбиесінде. Сол себепті осы тұрып жатқан баспанамызды 10 пайыз бастапқы жарнамен сатып алу құқығын берсе деген ойымыз, үмітіміз бар, - деді Айдана Тұрсыматова.
Ол инфляцияны айтып, нарықта үйдің бағасы да өсіп жатқанын сөз етті.
Енді қазір өз үйіміздің ең құрығанда бастапқы жарнасын жинап жатырмыз. Бірақ қымбатшылықты қуып жете алмай келеміз. Жинаған қаржымыз тек қазіргі бір бөлмеді пәтердің тек 20 пайызына ғана жетеді. Тіпті өз баспанасына ақша жинай алмай жатқан отбасылар да бар. Тапқандары күнкөрістеріне ғана жетеді. Сол себептен де қазір тұрып жатқан үйді бастапқы жарнамамен сатып алуға мүмкіндік болса, қуанар едік. Болмаса басқа тиімді, жеңіл бағдарлама шықса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді отандасымыз.
Елордалықтың сөзінше, 35 жасқа дейінгі жастар баспаналы болуы үшін арнайы бағдарлама шығару керек. Сол кезде жастар жалдамалы пәтерге мұқтаж болмайды. Айтуынша, мұндай әлеуметтік бағдарлама конкурсына қатысатын жастар өте көп. Жастар жалдамалы пәтерге ақша төлегенінше, өзінің жеке баспанасына төлегені дұрыс.
Бірақ мен де бұл бағдарламамен 5 жылға үй алмағанымда «жалға берілген үй сатылмасын, ақша жинамаса, өзі кінәлі» деп айтушы едім. Бірақ күйеуімнің бір айлық табысын бала-шағамыздың керек-жарағына да, күн сайынғы азық-түлігімізге де, болашақ баспанамызға да жеткізуге шама-шарқымыз келгенше тырысып жатырмыз, - дейді ол.
«Бір тиын да жинамадық»
Елордалық тұрғын Ақмарал Сұлтан 4 баланың анасы. 29 жаста. Көпбалалы ана.
2021 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасымен екі бөлмелі пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға алдық. Қазір осы үйде тұрып жатырмыз. Бұл үйге үш баламызбен кірдік. Өзім декреттегі анамын. Төртінші сәбиімді дүниеге әкеліп, мен де көпбалалы ананың бірі атандым. Осы мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген жалдамалы пәтерде тұрып жатқанымызға екі жылдай уақыт болып қалды. Алайда осы уақыт аралығында өз пәтерімізге ақша жинауға ешқандай мүмкіндік болмады, - дейді ол.
Ақмаралдың отбасында да тек жолдасы жұмыс істейді. Оның айтуынша, жалғыз кіріс тек бір айдан екінші айға ғана жетеді. Өз үйлеріне деп қаржы жинау мүмкін болмай отыр.
Бала болғаннан кейін шығын да болады. Олардың сабақтары, қосымша сабақтары бар. Оның үстіне күйеуімнің жұмысы да тұрақсыз. Екі жылда бір тиын да жинамадық. Кішкентайларымды қазір балабақшаға бере алмай отырмын. Әзірше қалтамыз балабақшаның ақысын көтере алмайды, - деп айтты елордалық.
Оның екі баласы мектепке барады.
Енді осы жалдамалы пәтерде тұруға үш жылдай уақытымыз қалды. Үш жылдың ішінде ақша жинап үлгеріміз бе, үлгермейміз бе?! Қазір бәрі қымбат, - дейді Ақмарал Сұлтан.
«Жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды»
Былтыр Астана қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қоры мекемесі жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтынын мәлімдеген болатын.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы шеңберінде берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі туралы ұсыныс қабылданбады.
Тұрғын үй тек 5 жыл мерзімге беріледі, яғни 5 жылдан кейін сіз бағдарлама шарттарына сәйкес берілген тұрғын үйді босатуыңыз керек. Осы бағдарлама бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алғандардың барлығына тұру уақыты ішінде «Отбасы банк» АҚ-ға өзінің пәтеріне бастапқы жарнаны жинақтауды ұсынамыз, - делінген хабарламада.
«Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы – бұл жұмыс істейтін жастардың өз баспаналарына ақша жинақтау мүмкіндігіне ие болуы үшін мемлекеттен қолдау.
Бағдарлама бойынша жалдау шартын бұзу шарттары:
1) 6 айдан артық жалдау ақысын төлемеу;
2) 3-ші адамдарға пәтерді тапсыру;
3) өтініш берушіде немесе оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында мүліктің болуы;
4) жалдау шартының 5 жылдық мерзімінің аяқталуы.
Жастарға арналған бағдарлама жайлы не білеміз
Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың желтоқсан айында құжаттар қабылдау басталып 2020 жылы сатып алу құқығынсыз жастарға 904 пәтер қолдансқа табысталса, 2021 жылы 300 пәтер берілген. Жастар бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді жастар 5 жылға дейін жалдап тұра алады. 2022 жылы жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 211 пәтер берілді.
Ал елордада 2019 жылы жастарға 2 050 пәтердің кілтін табысталды. 2020 жылы пандемияға байланысты 350 пәтер жастарға берілді.
Алматыда «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 1050 жас жалдамалы шаршы метрді алды. 2020 жылы тағы 350 адам қоныстанды, жыл соңына дейін әкімдік 1050 бір бөлмелі пәтерді жалға берген.
Ережелері:
- тұрғын үй түрі - сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй
- тұрғын үй келесі мерзімге беріледі 5 жыл, ұзарту құқығынсыз
- ай сайынғы жалдау ақысы 5 000 – 15 000 теңге
Шарттары:
- ҚР 35 жасқа дейін азаматы;
- аяқталған орта / орта-арнайы / жоғары / жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ресми жұмысқа орналастыру;
- соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты тіркеу;
- өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сондай-ақ құлау (құлау) қаупі бар авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш беру алдындағы 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;
- төлем қабілеттілігін растау (ай сайынғы кіріс соңғы 6 айда кемінде 40 АЕК);
Бүгінгі күнге дейін берілген жалдамалы пәтерлерді жастар осындай шарттармен ала алды.