Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Елорда тұрғындарын жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету» тақырыбында өткен онлайн брифингте елорда әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов жұмыспен қамту бағдарламалары туралы түсіндіріп берді.
Жылдың басынан бері 1 614 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның 558-і жастар. 2022 жылы жұмыпен қамту белсенді шараларымен 22 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде тұрақты жұмыспен 7 мыңнан астам азаматты және «Жастар практикасы» жобасы бойынша 998 адам қамтылады, - деді ол.
Айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасының мақсаты – оқу орнын бітірген жас түлектердің мамандық бойынша еңбек өтілі жоқ болса және жасы 29-ға толмаса, сондай-ақ оқуды аяқтап, диплом алғанына 2 жылдан аспаса, онда түлек бағдарламаға қатыса алады.
Қазіргі таңда жалақының мөлшері 122 мың теңгені құрап тұр. Бұл бағдарлама бойынша жалақыны мемлекет төлейді. Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына 130-дан астам азаматты жолдау жоспарланып отыр. Бұл азаматтардың жалақысының 35%-ын субсидия арқылы мемлекет төлейді. Яғни жұмыс беруші осы салаға келген азаматқа 100 мың теңге көлемінде жалақы тағайындаса, соның 35%-ын мемлекет төлеп, қалған бөлігін жұмыс беруші өзі төлейді, - деп атап өтті Азамат Байтасов.
Одан бөлек, қоғамдық жұмыс орындарына 1 307 және «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 179 азамат жолданады. Жастарға арналған бұл бағдарламаның жалақы мөлшері 91 мың теңгені құрайды. Оған мектепті бітірген түлектер де қатыса алады.
Байтасовтың мәліметінше, биыл «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы іске қосылады. Оның аясында шамамен 31 азамат жұмысқа тартылады. Зейнетке шығуына 6 ай қалған азаматтардың орнына жастар орналастырылады. Яғни зейнет жасындағы қызметкер жастарға тәжірибесін үйретіп, дағдыларын беруге арналған бағдарлама. Оның орташа жалақысы 91 мың теңгені құрайды.
Одан бөлек, «Күміс жас» деген бағдарлама да іске асырылады. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс істегендердің жалақысының 50%-ын мемлекет, қалғанын жұмыс беруші төлейді. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың жалақы қойса, оның 90 мың теңгесін мемлекет төлейді, яғни мемлекет төлем жасайтын максималды 90 мың теңге.