«Жалақыға дейін»: Микронесие беру тоқтатылуы мүмкін

20 Қазан 2023, 15:26
655
Бөлісу:
«Жалақыға дейін»: Микронесие беру тоқтатылуы мүмкін
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 21 жасқа толмаған азаматтарға тек ресми табысы бар жағдайда ғана несие беруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар ол ел арасында «айлыққа дейін» деп аталып кеткен микронесие беруді толықтай жою қажеттігіне тоқталды.

Агенттік төлеу мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салуды қарастыратын заңнамалық түзетулер әзірледі. Қазір мұндай шектеу тек табысы бір АЕК-тен төмен қарыз алушыларға қатысты ғана қолданылады. Одан басқа, жастар арасында проблемалық несиелердің өсуі себепті 21 жасқа толмаған азаматтарға тек ресми табысы бар жағдайда ғана несие беруді ұсынылып отыр, - деп атап өтті агенттік басшысы.

Сондай-ақ ол онлайн шағын несие беру сегментінің шектен тыс көбеюіне байланысты шетеу қажеттігін нұсқады.

297 мың адамның 37 млрд теңге сомасында проблемалық онлайн шағын несиесі бар. Мұндай онлайн микронесиелер немесе «айлыққа дейін» деген деп аталып кеткен, көбінесе қарыз алушының сәйкестендіруі мен төлем қабілеттілігін бағаламай-ақ қашықтан беріледі, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Айтуынша, елдегі 254 микрокредиттік ұйымдардың 50-і онлайн несие берумен айналысады.

Осыған байланысты ведомство 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК дейінгі мөлшерде берілетін шағын несие беруді толықтай тоқтатуды ұсынды. Онлайн несие беретін компаниялар жұмысын жалғастырғанымен, несиені барлық шағын несие ұйымдары үшін белгіленген бірыңғай мөлшерлеме бойынша кез келген мерзімге беретін болады, - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Мәжілісте халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Оған Парламенттің қос палатасының депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық банктің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысуда. 

Отырыста қазақстандықтардың банктерге қарызы күн санап өсіп келетіні айтылды. Қошанов несиенің сыйақы мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы