Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жалақы, жәрдемақы және тұрғын үй: Дәрігерлерге қандай жағдай жасалған?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
17 Қараша 2025, 13:13
1191
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Денсаулық сақтау министрлігі Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың депутаттық сауалына жауап беріп, елдегі медициналық кадрлар мәселесіне қатысты толық ақпарат ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда медициналық кадрлар тапшылығы 8 216 адамды құрап отыр. Оның ішінде дәрігерлер жетіспеушілігі – 3 986, ал орта медициналық қызметкерлер – 4 230. Дегенмен, 2024 жылдың қорытынды статистикасымен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы 7%-ға, ал орта медициналық қызметкерлер бойынша 20%-ға азайған.

Медициналық кадрлар тапшылығын азайту және өңірлерге маман тарту мақсатында министрлік жыл сайын мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.

2025–2026 оқу жылына “Денсаулық сақтау” бағыты бойынша мемлекеттік тапсырыс мынадай көлемде бөлінген: бакалавриат – 2 700 орын, резидентура – 2 500 орын, магистратура – 325 орын, докторантура – 160 орын.

Сонымен қатар, “Салауатты ұлт” ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бастап өңірлердің жергілікті бюджеті есебінен резидентураға гранттар бөлінуде. 2025 жылы аса қажетті мамандықтар бойынша өңірлерде 1 800 грант берілді. Ал 2024 жылы жоспарланған 1 200 гранттың 939-ы, 2023 жылы жоспарланған 900 гранттың 867-і игерілген.

2025-2026 оқу жылына жалпы контингент 72 774 адамды құрайды. Оның ішінде грант бойынша – 27 157, ақылы оқитындар – 40 381, ЖАО – 4 682, басқа гранттар – 554 адам. Оқу орындарында 11 264 шетелдік студент бар. Жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарынан 10 мыңнан астам маман шығады. Биыл 10 530 жас маман бітіреді: бакалавриат – 1 718, интернатура – 5 030, резидентура – 3 061, магистратура – 575, докторантура – 146. 2024 жылы жалпы түлектер саны 10 570 болса, оның ішінде бакалавриат – 1 941, интернатура – 5 406, резидентура – 2 595, магистратура – 462, докторантура – 166, - делінген ресми жауапта.

Жұмысқа орналастыру көрсеткіштері төмендегідей: 2023 жылы – 2 292 адам, 2024 жылы – 2 159 адам, 2025 жылы – 1 946 адам.

Кадрлар тапшылығын шешу мақсатында медициналық қызметкерлерді құқықтық және қаржылық қолдау нормалары заң жүзінде бекітілді.

Медициналық және фармацевтика қызметкерлеріне арналған әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандыру шаралары:

  • Аса тапшы мамандықтарға жататын дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге ауылдық жерге кемінде 5 жылға жұмысқа келгені үшін 100 ЕТЖ мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем беріледі.
  • “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” құрметті атағына жыл сайын 1 000 еселенген АЕК мөлшерінде ынталандыру төлемі тағайындалады, ал “Өз кәсібінің үздігі” республикалық конкурсының жеңімпазына – 500 еселенген АЕК төлем.
  • Медицина қызметкерлерінің балаларына жергілікті мектепке дейінгі ұйымдарда орындар беру.
  • Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балаларын жоғары білімге конкурссыз қабылдау.
  • Медициналық мамандық бойынша әскери қызметті кейінге қалдыру мүмкіндігі.
  • Көлік шығындарын өтеу.
  • Медициналық ұйым қаражаты есебінен кәсіби жауапкершілікті сақтандыру.
  • Медициналық қызметкерлерге қатысты қылмыстық нормалар жеңілдетілді, құқықтық қорғаныс күшейтілді.

Ауылдық елді мекендерде қызмет ететін мамандарға қосымша әлеуметтік қолдау қарастырылған:

  1. 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы (2025 жылы – 393 200 тг);
  2. Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несие: аудан орталықтары – 2 500 АЕК (9 830 000 тг), басқа ауылдық елді мекендер – 2 000 АЕК (7 864 000 тг).
  3. “Жастар практикасы” жобасы аясында жас мамандарға үстемеақы тағайындалуы.
  4. 2025 жылғы қазан айына дейін 824 дәрігер әлеуметтік қолдау алған, оның ішінде 168 жаңа түлек (68-і ауылда).

Осы мамандардың 659-ы көтерме жәрдемақы, 205-і тұрғын үймен, 78-і коммуналдық шығындарды өтеу және балабақша қызметтері сияқты қосымша қолдаулар алған. 16 өңірде аса тапшы мамандықтарға келгендерге 100 АЕК төленген, 13 өңірде нақты 250 адамға төленген. Аса тапшы мамандықтар бойынша 250 дәрігер қосымша қамтылған, бұл кадр тапшылығын шешуге бағытталған шаралардың нәтижесін көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы