Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Жалақы өспейді, тариф қымбаттайды" – байланыс құны неге өсіп жатыр?

Олжас АДАЙ
5 Тамыз 2025, 14:23
970
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Кабенов байланыс қызметтерінің тарифтері неге өскенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналист үкіметтегі брифингте "Неліктен тарифтер үнемі қымбаттап жатыр? Өткен айда байланыс үшін 4600 теңге төлесек, арада бір ай өткенде 5600 теңге болды. Неге сіздер бұған шектеу қоймайсыздар? Өйткені Қазақстан азаматтарының жалақысы ай сайын бұлай өспейді" деп сұрақ қойды.

Оның айтуынша, байланыс тарифтері 2017 жылдан бері мемлекет тарапынан реттелмейді.

Бұл мәселе бойынша біз бірнеше рет түсініктеме бердік. 2017 жылдан бері байланыс қызметтері бойынша тарифтерді мемлекет реттемейді. Олар бәсекелестік ортада қалыптасады. Егер тарифтердің негізсіз өсуіне қатысты сұрақтар туындаса, әрбір жағдайды жеке қарастыра аламыз. Ол үшін бізге E-otinish порталы арқылы немесе Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгінуге болады, – деді ол.

Цифрлық даму министрлігінің вице-министрі Дмитрий Мун тарифтердің өсуіне қатысты өз пікірін білдірді.

Қазіргі таңда байланыс сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты операторлар тарифтерді көтеруге тырысады. Алайда, біздің тарапымыздан бұл мәселе қаралып жатыр. Әрбір операторда әлеуметтік тариф бар. Жалпы тарифтік желі өзгергенімен, соның ішінде баға жағынан қолжетімді тарифтер де бар, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, тарифтерді реттеу құзыреті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тиесілі.

Тарифтерді реттеу функциясы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзырында. Біздің білуімізше, осы бағытта операторларға өз тарифтерінің құрамдас бөліктерін көрсету жөнінде ескерту жіберілген. Бұл ретте қоғамдық тыңдаулар және тиісті рәсімдер өткізілуі тиіс. Цифрлық даму министрлігінің құзыреті аясында тарифтер өсіміне тікелей шектеу қою мүмкін емес. Бұл – АЗРК-ның (Бәсекелестікті қорғау агенттігінің) құзырындағы мәселе, – деді Дмитрий Мун.

Өзгелердің жаңалығы