Жалақы мен ротация: Мектеп директоры білім саласы туралы айтты

15 Қыркүйек 2023, 17:43
20864
Бөлісу:
Жалақы мен ротация: Мектеп директоры білім саласы туралы айтты
Фото: Арман Мухатов

Жаңа оқу жылының басталғанына жарты айдай уақыт өтті. Білім ордалары ұзақ уақыт демалыстан келген мектеп табалдырығын аттаған оқушылармен адаптация, таныстық жұмыстарын жүргізіп, тәрбие мен білім беру процесіне кірісіп кеткені сөзсіз, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Жалпы еліміздің білім саласында қандай өзекті проблемалар бар? Директорларды ротациялау мәселесі, оқу жылының ұзақтығы және басқа да сұрақтарға Астана қаласы Қаныш Сәтпаев атындағы №61 мектеп-лицейінің директоры Ернұр Аханұлы Омарханов жауап берді.

Қаныш Сәтпаев атындағы №61 мектеп-лицейі Сарыарқа ауданындағы Конституция көшесінде орналасқан. Білім ордасы 2008 жылы ашылған. Жаңа оқу жылында білім ордасында 1 500-дей бала оқуға кірісті.

Мектеп директоры Ернұр Аханұлының педагогикалық өтілі - 27 жыл. Ол 2016 жылы Берлиндегі (Германия) «Гумбольдт» университетін «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген білікті педагог.

Baq.kz: Әңгімемізді алдымен биылғы тамыз кеңесі тақырыбынан бастасақ...

Ернұр Аханұлы: Жылда дәстүрлі түрде тамыз кеңесі өтеді. Биыл бұл іс-шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Нақты айтсақ, еліміздегі 20 өңірдің барлығына оқу-ағарту саласындағы проблемалы сұрақтар бөліп берілді. Мысалы Астана қаласында «Жайлы мектеп» мәселесі талқыланды. Кей өңірде «Оқуға құштар мектеп» тақырыбы көтерілді. Бұрынғыдай аудандық, облыстық, республикалық деңгейде емес, бұл жолы жиын барлық өңірде бір мезгілде және бір уақытта басталды.

Әртүрлі тақырып берілгенімен, тамыз кеңесі барлық өңірде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты ортақ тақырып аясында өтті.

Baq.kz: Еліміздің білім саласында қандай проблемалар бар деп ойлайсыз?

Ернұр Аханұлы: Мәселесіз болмайды. Ол бар. Қазір жаңартылған білім беру мазмұнына көштік. Мұғалімдер осының философиясын толыққанды түсініп, оны білуі керек.

Астана қаласында жайлы мектептер салынғаннан кейін балалардың орын тапшылығы, сыйымдылығы мәселелері шешіледі деп сенеміз.

Жалақы мен ротация: Мектеп директоры білім саласы туралы айтты

Baq.kz: Мектепке орамал тағып келу мәселесіне қатысты ұстанымдарыңыз қандай?

Ернұр Аханұлы: Бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығымен реттелген. Бұйрықта мектеп формасы туралы бар. Оны қатаң сақтауымыз кетек.

Біз зайырлы мемлекетпіз ғой... Зайырлы мемлекет болғандықтан оның талаптарын орындауымыз керек. Әр дін өкілдері өзінің атрибуттарын тағып, мектепке келсе не болады? Балалардың мектепке келудегі басты мақсаты – білім алу. Сол себепті министрлік арнайы бекіткен мектеп формасын сақтау қажет.

Baq.kz: Оқу жылын ұзартуға қатысты ойыңызды да ортаға салсаңыз...

Ернұр Аханұлы: Әлемдік білім беру жүйесімен салыстырып қарасаңыз, біздің оқушыларымыз өте ұзақ демалады. Яғни бірден 3 ай каникулда болады. Ал бірінші тоқсан ескіні еске түсірумен, қайталаумен өтеді.

Оқу жылын ұзартқанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Каникул уақыттарынан бір күннен қысқарып, одан кейін 25 мамырдан 1 маусымға дейін ұзартылып, бағдарламалар ұзартылған оқу жылына сәйкестендірілген болатын. Біз 36 апта оқыдық, бірақ тіпті 38 апта, 40 апта оқитын мемлекеттер де бар. Мысалы шетелде бір тоқсан біткеннен кейін ұзақ каникул беріп отырады. Біздегідей 3 ай ұзағынан демалу деген жоқ. Биыл оқу жылын бірінші рет 25 мамырда емес, 1 маусымда аяқтап едік... Алайда қоғамда резонанс туындап кетті.

Оның үстіне оқу жылын ұзартқанмен, оның нәтижесі бірден көріне салмайды. Оқу-ағарту саласында ұзақ уақыттан кейін барып қана нәтижесі көруге болады. «Оқу жылын биыл екі аптаға созып едік, енді міне осындай нәтижеге қол жеткіздік» деген бірден болмайды.

Baq.kz: Жыл сайын мұғалімдердің айлығы көтеріліп келеді. Осы ретте айлық көтерілді деп жұмысқа салмақ түсіп жатқан жоқ па?

Ернұр Аханұлы: Мұғалімдер ешқандай артық жұмысқа тартылып жатқан жоқ. Қазір барлығы электронды түрде жүргізіледі. Артық жұмыстан арылдық. Ұлттық білім беру деректер қоры бар. Министрліктен бастап Білім басқармасына дейін есеп-қисаптың барлығын осы деректер қорынан алады.

Baq.kz: Мұғалім екі жерде қатар жұмыс істей ала ма? Мысалы, №61 мектеп-лицейінде түске дейін істейді, түстен кейін бос делік.

Ернұр Аханұлы: Егер Еңбек Кодексіндегі жұмыстың тығыздылығына сәйкес келетін болса, екінші жерде жұмыс істей алады. Мысалы менде бір ставкамен істеп, бос сағаттары болса, онда мұғалім басқа жерде қосымша жұмыс атқара алады. Ал егер менде 1,5 ставкамен жүрсе, онда екінші мектепке барып жұмыс істей алмайды. Себебі біздің мектептегі еңбек нормасын орындамай тұрып, екінші жаққа баруы Еңбек Кодексіне де қайшы. Ал бос уақыты болса, негізгі жұмыс орнынан анықтама алып, қосымша жұмыс істеуіне рұқсат.

Адамды тұрмыс билейді емес пе? Сондықтан мүмкіндік болса, мұғалімнің де жағдайын ойлаған дұрыс. Дегенмен барлығы Еңбек Кодексінің аясында болуы керек.

Жалақы мен ротация: Мектеп директоры білім саласы туралы айтты

Baq.kz: №61 мектеп-лицейінің жағдайы қалай? Кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталды ма?

Ернұр Аханұлы: Жаңа модификациядағы физика, химия, биология, география STEM-кабинеттер ашылды. Мектеп академик Қаныш Сәтпаев атында. Келесі жылы академиктің 125 жылдығы. Оған дайындықты бастап кеттік. Биыл 26 мамыр күні мұражай аштық. Бұл - Қаныш Сәтпаевтың Астанадағы тұңғыш мұражайы.

Мұражай ол тек мұражай болып қалмауы керек. Ол ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, азаматтық болмысты көрсететін, Сәтпаевтай тұлғаларды насихаттайтын танымдық орталыққа айналуы қажет.

Baq.kz: Мектепте қанша оқушы бар?

Ернұр Аханұлы: Мектепте 1 500 оқушы бар. Қазақ мектебі. Білім ордамыз үлкен. Мектебіміз шеткі ауданда орналасқандықтан мектепке келіп-кетуші оқушылар саны былтырғы деңгейде. Мектеп сыйымдылығы 1 500 бала.

Қазір Президенттің тапсырмасымен елімізде жайлы мектептердің құрылысы басталып кетті. Астананың өзінде 23 мектеп салынады. 1 000 орындық, 2 000 орындық. Осы жайлы мектептер көптеген мәселені шешуге септігін тигізеді деп отырмыз.

Baq.kz: Ата-аналар бастауыш сыныптардың оқулығы түсініксіз екенін айтып, жиі шағымданады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Оны көтересіздер ме?

Ернұр Аханұлы: Кез келген жерде сын болатыны сөзсіз. Өзім Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясында қызмет еттім. Бағдарламамен жұмыс істедім. Оқулықтың да авторымын. Ата-аналар жаңартылған білім мазмұны бағдарламасымен оқымады. Бұрынғы кеңес заманындағы жаттап келумен білім алды. Жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы алдымен функционалдық сауаттылыққа тәрбиелейді. Оның негізгі мақсаты – оқушының алған білімін өмірде, тәжірибеде қолдана білуі. Біз осыны түсіндіруіміз керек.

1-сыныптан 11-сыныпқа дейін тұжырымдама жасалады. Бағдарлама осы тұжырымдама негізінде дайындалады. Мысалы, мына тақырыпты 5-сыныпта меңгерсе, мына мәселені 7-сыныпта оқиды деген сияқты. Менің ойымша, жаңартылған білім беру мазмұнымен бір буын бітіруі керек. Содан кейін оның нәтижесін көреміз. 2016 жылы 1-сыныптан бастаған оқушылар оны әлі толық аяқтаған жоқ. Бұл мәселе бір күнде немесе бір жылда нәтижесін бермейді. Мысалы, құрылыста әр кірпішті қалаған сайын ғимараттың көтеріліп келе жатқанын көреміз емес пе?! Білім саласы да сондай өте күрделі процесс.

Baq.kz: Орыс сыныптарының көбейіп кеткені жиі айтылып жүр...

Ернұр Аханұлы: Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 1-сыныпқа баратын балалардың 70%-ы қазақ сыныбына барады деп жатырмыз. Бұл - қуанышты жаңалық. Белгілі бір өңірлерде орыс сыныптарының көбеюі бар шығар. Әрине ол өзіміздің қазақ ата-аналар. Сондықтан алдымен сана оянуы керек. Ата-ананың санасы оянбай, ұлтқа деген сүйіспеншілігі болмай, ол дүние болмайды. Бір ауыз орысша білмейтін балаларын орыс сыныптарына беру - соның нәтижесі. Оған қоса, мемлекеттік тілге қажеттілік керек.

Baq.kz: Мектеп директорын ротациялауға қатысты не айта аласыз?

Ернұр Аханұлы: №61 мектеп 4 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Ротация – дұрыс мәселе. Әйтпесе бір директор 10-15 жыл бойы бір жерде отырса, онда ол тоқырауға алып келеді. Сондықтан ротация – ол жаңару, екінші жерге барып, өзіңе сыни көзбен қарау.

Baq.kz: Заманауи мұғалім қандай болуы керек?

Ернұр Аханұлы: Заманауи мұғалімнің мынадай болуы керек деген нақты критерий жоқ. Мұғалім ХХІ ғасырға сай, барлық ақпараттық жүйені меңгерген, шығармашыл болуы керек.

Baq.kz: Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз.

Өзгелердің жаңалығы