Жалақы, конкурс: Аймағамбетов ғалымдарға қандай жағдай жасалып жатқанын айтты

12 Сәуір 2022, 10:11
3146
Бөлісу:
Жалақы, конкурс: Аймағамбетов ғалымдарға қандай жағдай жасалып жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде ғалымдарға жасалып жатқан жағдай туралы айтты.

Оның сөзінше, ғылыми кадрлар әлеуетінің төмендігі ғалымдардың жалақысына байланысты болды. Аймағамбетов ғалымдарда тұрақты жалақы болмағанына тоқталды.

Жалақы 3 жылда бір рет қана өткізілетін конкурстарда жеңіске жеткен жағдайда ғана төленетін. Ал ұлттық сипаттағы іргелі зерттеулермен, яғни тілге, әдебиетке, тарихқа, философияға қатысты зерттеулермен айналысатын институттардың жағдайы мүлде қиын болды. Олар конкурстардан гранттарды жеткілікті деңгейде жеңбегеніне байланысты тұрақты жалақы мен тұрақты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік болмады, - деп айтты бас ұстаз Үкіметте.

Аймағамбетов ғалымдар бұл мәселені ұзақ жылдар бойы көтергенін айтты. Мемлекет басшының Жолдауда берген тапсырмасының арқасында «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мәселе толығымен шешілді. Нәтижесінде 4 мыңнан астам ғалым тұрақты және үздіксіз жалақы алатын болды.

Егер 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңге болса, енді 2022 жылы жалақы айтарлықтай өсті. Онымен қоса, ғалымдарды ынталандыру үшін 2021 жылдан бастап 6 млн теңге мөлшерінде жыл сайынғы 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын да бере бастадық, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы