Мәдениет және ақпарат министрлігі желіні шулатқан блогерге қатысты тексеріс жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, блогер Камилла Тенликова бұған дейін подкасттардың бірінде интимдік фото мен видеолар жарияланатын Telegram-арна жүргізетінін айтқан. Оның сөзінше, бұл арнаға тек ақылы жазылым арқылы ғана қол жеткізуге болады, ал қазір онда шамамен мыңға жуық адам тіркелген.
Сенат кулуарында Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов журналистерге бұл жағдай тексерілетінін, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатынын мәлімдеді.
Біз бұл деректі тексереміз. Егер ақпарат расталса, құқық қорғау органдарымен бірге тек контентті жасап, оның «алдыңғы бетінде» тұрған адамды ғана емес, оны таратумен айналысқандарды да жауапкершілікке тартамыз. Бұл контент таралған алаңға да қатысты, яғни бұл жағдайда подкасттың өзіне де, – деді Евгений Кочетов.
Айтуынша, жақын уақытта заңға қарсы контентке қатысты заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Бұл өзгерістер мұндай құқық бұзушылықтар үшін қолданылатын жауапкершілік шараларын нақтылай түседі.