Қоғамдық қор "Ана құшағының" жетекшісі Алтынай Жолдабекова ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау мәселесін көтеріп, ата-аналарды белсенді болуға шақырды. Ол бұл туралы Қазақстан Халық партиясының бастамасымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды, соның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды қолдау және қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен баспасөз конференциясы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, аймақтардағы мониторинг ата-аналардың көбісі өз құқықтарын толық білмейтінін көрсеткен. Әсіресе, ДЦП диагнозы бар балалардың жағдайы ерекше назар аударуды қажет етеді.
Маман мынадай негізгі мәселелерді көтерді:
• Көптеген ДЦП-сы бар балалар мектепке бармай, үйде оқиды. Мұның себебі – білім беру ұйымдарының қабылдаудан бас тартуы немесе қолжетімді инфрақұрылымның жоқтығы.
• Баланың әлеуметтенуі мен дамуы педагогикалық және физикалық сүйемелдеуге тікелей байланысты. Мұндай қолдауды ата-аналар талап етуге толық құқылы.
• Мектептерде, медициналық орталықтарда және әлеуметтік нысандарда инклюзивті ортаға қажетті техникалық жағдайлар жеткіліксіз.
Кейбір мектеп директорлары: “Біз арбадағы баланы қабылдамаймыз, жағдай жасалмаған” деп жауап береді. Бірақ директордың мұндай айтуға құқығы жоқ. Әр бала сапалы білім алуға құқылы, ал ата-аналар заңға сүйене отырып, өз құқықтарын талап ете білуі тиіс, – деді Алтынай Жолдабекова.
Ол бірнеше ұсыныс жасады:
• Ата-аналар өз құқықтарын білуге, заңнамамен танысуға, талап етуге тиіс.
• Әрбір балаға сапалы білім, әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етілуі қажет.
• Мектеп әкімшілігінің бас тартуына жол бермеу үшін заң нормалары қатаң сақталуы тиіс.
• Ерекше балалардың әлеуетін ашу үшін педагогикалық қолдау мен кәсіби мамандардың біліктілігін арттыру маңызды.
• Үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар және мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.
Заңнамалық база бар. Бірақ нәтиже ата-аналардың азаматтық белсенділігіне, олардың өз баласының құқығын қорғауына байланысты. Әр бала — сапалы білім мен қолжетімді қызметке лайық. Сондықтан біз бәріміз бірге әрекет етуіміз керек, - деді Алтынай Жолдабекова.