ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның ішінде – 83%-ы екпе алмаған балалар. Бұл ретте, балалардың 60%-ы бас тартуға байланысты, қалған балалар егу жасына жетпеуіне байланысты және медициналық көрсетілімдер бойынша вакцинация алмаған. Қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелді, - деді ведомство басшысы.
Ғинияттың сөзінше, сырқаттанушылықтың күрт өсуі биылдың қыркүйегінен бастап ұйымдасқан ұжымдарда, яғни оқу жылында балалардың жиналуына байланысты байқалады, нәтижесінде сырқаттанушылық деңгейі екі есе өсті. Қараша айында қызылшаның 6 мыңнан астам жағдайы тіркелді.
Дүние жүзінде 167 мемлекетте қызылша ауруының өсуі тіркеліп отыр. Қызылшамен сырқаттанудың өсу себептері келесідей: КВИ пандемиясы кезінде жоспарлы вакцинациялауды өткізіп алған балалар есебінен сырқаттанушылықтың өсуі, вакцинациядан бас тартудың өсуі, халық арасында иммундық емес топтың жиналуына байланысты қызылшаның қайталануы. Әлеуметтік желілерде және интернет порталдарда вакцинация туралы анық емес ақпараттың, сондай-ақ иммундау саласындағы жалған сарапшылардың көбеюі, - деді министр.