Жағдай өте мүшкіл. Сенатор сапасыз интернет ұсынатын операторларға қомақты айыппұл салуды ұсынды

4 Мамыр 2023, 12:00
688
Бөлісу:
Жағдай өте мүшкіл. Сенатор сапасыз интернет ұсынатын операторларға қомақты айыппұл салуды ұсынды
Фото: inform.kz

Сенаттың кулуарында сенатор Геннадий Шиповских еліміздегі сапасыз интернет мәселесін жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жағдай өте мүшкіл. Стримге шыққанымда интернет сапасы нашарлап кетеді. Болашақта киберспортты дамытамыз деп отырмыз. Бірақ интернет төмен болса, киберспортты дамыта алмаймыз. Бізде мықты IT, креативті индустрияны дамытатын мамандар бар. Алайда интернетіміздің сапасы өте төмен болса, IT саланы қалай дамытамыз?! Тіпті мысалы, кешке қарай кино көргің келгенде өте нашар жүктеледі, - деді сенатор.

Шиповских интернетті дамытуға арналған бағдарламалар не себепті нәтижесін бермей отырғанын айтты.

Бізде Үкіметте мынадай нәрсе бар. Мысалы, мәселені шешер кезде 2023 жылға дейін дейміз, ол жақындағанда 2025 жыл дейміз, кейін 2027 дейміз... Осылай кете береді. Ол туралы Мәжілісте де көтерген едім. Министрлер сынның астында да қалған. Бұл жерде радикалды түрде шешім қабылдау қажет. Мысалы, интернет тартқан кезде сапасы төмен болса, онда ол компанияларға қомақты айыппұл салу қажет. Себебі интернетке айына 6 000-7 000 теңге төлейміз. Бірақ кешке қарай интернет сапасы нашарлап кетеді, - дейді Геннадий Шиповских Сенаттың кулуарында.

Депутат интернет мәселесі ауыл аймақтарда да барын айтты.

Сөзінше, бұл мәселені ол үнемі көтеріп келеді.

Айтарым, компаниялар сапасыз қызмет көрсетсе, оларға міндетті түрде айыппұл салудан басқа шешімді көріп тұрған жоқпын. Егер сондай шараларды қолданбасақ, мәселе ушығып кетуі мүмкін. Оны қолдану үшін заңға да жүгінудің қажеті жоқ. Себебі жауапты министрлік бар. Ол өзінің қаулылары аясында да қабылдай алады. Яғни операторлардың жұмысына халық қанағаттанбаса, оған ешқандай кедергі жоқ. Өкімімен арнайы шешім шығара алады. Ал егер Парламентте заңды қабылдау қажеттілігі туындап жатса, әрине, оны қабылдауға дайынбыз. Тұтынушы қанағаттанбаса, онда кешіріңіздер, сол компания тиісті айыппұлдық жазасын алуы керек, - деп айтты сенатор.

Өзгелердің жаңалығы