Жақыныңа жанашыр бол. Эпидемиологиялық ахуал нашарлады – Сәуле Қисықова

17 Маусым 2020, 14:38
2429
Бөлісу:
Жақыныңа жанашыр бол. Эпидемиологиялық ахуал нашарлады – Сәуле Қисықова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Басқарма басшысы Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдайға тоқтала отырып, қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын жеткізді.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық ахуал нашарлады. 17 маусымда Нұр-Сұлтанда 2951 коронавирус инфекциясы жағдайы тіркелді. Инфекция жұқтырғандар саны өсуде. Дәрігерлерге, медбикелерге және коронавирус инфекциясымен жұмыс істейтін барлық басқа қызметкерлерге үлкен міндет жүктелді. Үш айдан бері дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Соңғы үш күнде күн сайын орта есеппен 150-ден астам коронавирус инфекциясы ауруы тіркелуде. Олардың 50%-ы індеттің белгілері жоқ түрімен ауыратындар, - деді ол.

Сәуле Қисықова өткен тәулік ішінде жедел жәрдем шақыру саны 3500-нан артып, 3700-ге жеткенін айтты. 
2000-нан астам соғылған қоңырауға қызмет көрсету екі есе артты. Тек коронавирус инфекциясы нысанындағы қоңыраулар саны соңғы тәулік ішінде 427-ге дейін жетті, яғни, 8 есе өсті. Өткен тәулікте қоңыраулар мен жедел шақыруларға 110-нан астам жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Бақытымызға орай, жыл басында біз 50-ден астам автокөлік сатып алдық. Бұл аз да болса жүктемені азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, емханалар деңгейінде көліктер қосымша тартылды. Коронавирус мәселелері бойынша тұрғындардың кері байланысын күшейту үшін жедел жәрдем станциясында қосымша байланыс орталығы құрылды, - деді ол. 

Басқарма басшысының айтуынша, бұрын қалада бір зертхана жұмыс істесе, қазір 5000-ға дейін зерттеу жүргізетін 8 зертхана бар. 17 маусымда шамамен, 170 мың тест өткізілді. Қазір 40 мыңнан астам тест қолжетімді. 
Сонымен қатар, біз ПТР тесттер мен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алудамыз. Зертханалар қызметіне өте үлкен жүктеме түсіп отыр. Тесттер тек ауру белгілері бар және жақын байланыста болған адамдарға қажет. Тесттердің жетіспеушілігін және нәтижелерді жедел өңдеуге жол бермеу үшін басқалардың барлығына тест тапсырудың қажеті жоқ. Зертхананың 20-дан астам қызметкері бүгінде індет жұқтырды. Отбасында дүрбелең тудырып, зертханалық қызметке ауыртпалық түсірмей, еш себепсіз тест тапсырудың қажеті жоқ. Тек дәрігерлер айтқан санитарлық ұсынысты мұқият сақтау керек, - деді ол.




Өзгелердің жаңалығы