Жаңа оқу жылына 50 мыңнан астам грант бөлінді

25 Шілде 2019, 22:02
2433
Бөлісу:
Жаңа оқу жылына 50 мыңнан астам грант бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалық етуімен білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия өз жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.  

Республикалық комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының, ректорлар кеңесі, БАҚ, «Жас Отан» жастар қанаты, студенттер Альянсы, үкіметтік емес ұйымдардың, «ADAL BILIM» жобалық кеңсесінің өкілдері, ҚР БҒМ қызметкерлері кіреді.

Республикалық комиссия отырысында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша үлкен дайындық жұмысының қорытындысы шығарылады.

Бұл жылы білім беру гранттары білім беру бағдарламалары топтары бойынша тағайындалатын болады. ЖОО-ға қабылдау кезінде түсуші одан әрі қарай оқу үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.

2019-2020 оқу жылына 53 785 грант бөлінді.

Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47%-дан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс және IT-технологиялар саласына, 8276 грант педагогикалық ғылымдарға, 4088 грант жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, 2200 грант қызмет көрсету, 1615 грант өнер және гуманитарлық ғылымдарға, 2435 грант ауыл шаруашылық ғылымдар және ветеринария, 2183 грант әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика салаларына бөлінді.

Колледж бітірушілерін олардың бейіні бойынша мамандықтармен қысқартылған формада жоғары білім алуын қолдау мақсатында 3040 грант бөлініп отыр. Жекелеген категориялар үшін квоталар қарастырылған (жетім балалар, мүгедектер, ауыл жастары, қазақ диаспорасы және т.б.).

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында ауыл жастары үшін 5109 грант бөлінді.  

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 64 452 адам қатысуда, оның ішінде 52 337 адам қазақ тілі бөліміне, 11 757 орыс бөліміне, 87 ағылшын тілінде білім алу үшін.  

Конкурсқа қатысушылар ішінде 5 824 «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері бар, 224 жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалар жеңімпаздары, 128 жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 336 республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары. Олар тек ҰБТ балдары тең болған жағдайда ғана артықшылық құқыққа ие болады.

Қабылданған өтініштер нәтижелері бойынша конкурстың көп бөлігі даярлаудың медициналық, журналистика, құқық, дизайн, педагогика және психология бағыттарында жүргізіледі деп күтілуде. Техникалық білім беру бағдарламалары тобы бойынша IT, коммуникациялық технологиялар, биологиялық және аралас ғылымдар аралығында.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша білім беру гранттарын тағайындау нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.  

Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардан шыққан адамдар мен АӘК алушылар үшін қосымша 5 мың грант негізгі конкурстан кейін берілетін болады.

Білім беру гранты конкурсына ЖАО-ға өтініштерді қабылдау 5-10 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Білім гранттарын тағайындау 25 тамызға дейін жүргізіледі.



Өзгелердің жаңалығы