Жаңа оқу жылы. "Кезекші сыныптардың" жұмысы қалай жолға қойылмақ?

20 Шілде 2020, 12:13
2155
Бөлісу:
Жаңа оқу жылы. "Кезекші сыныптардың" жұмысы қалай жолға қойылмақ?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді.

1 қыркүйекте жаңа оқу жылы елордалық мектеп (1-11 сыныптар) пен колледждердің барлығында сабақ қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл ретте қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін (1-4 сынып) «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарлануда. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетейін: Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, "кезекші сыныптар" ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15-тен аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады. Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтықтан жүргізіледі, - деді ол. 
Шолпан Қадырова тиісті санитарлық талаптарды сақтау – басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептер дезинфекциялауға арналған құралдармен, сенсорлы термометр, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. 

Ал дәстүрлі форматтағы оқу жағдайында, яғни «кезекші сыныптардың» жұмысы үшін алгоритм төмендегідей болмақ: 
- ата-аналар балаларды «кезекші сыныптарға» әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді;
- мектептің кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді; 
- мектепке кірер кезде баланың температурасы өлшенеді; 
- қолды антисектикпен өңдеу және масканың болуы міндеттеледі; 
- барлық қабаттарда және әрбір «кезекші сыныпта» санитайзерлер орнатылады; 
- сыныпты желдету, кварцтау және жуу кестесі жасалады; 
- қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында оқшаулау бөлмесі ашылады, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы