Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен президент сайлауынан кейінгі жаңа үкіметтің алғашқы отырысы өтті.
Жиын барысында министр лауазымына алғаш тағайындалған су жаңа министрлер халық пен президент алдында ант берді.
Асқар Мамин үкімет мүшелеріне сөзін аяқтағаннан кейін жаңа министрлерді ант беру үшін шақырды. Олар:
Білім және ғылым министрі Асxат Аймағамбетов,
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев,
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
"Қазақстан Республикасының халқы мен президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін!", - деді министрлер.