Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы пандемия кезінде індетпен күресуге шамасы жетпеген елдегі денсаулық сақтау жүйесін сынға алды.
Депутаттар таяуда ғана ел аралап, тұрғындармен кездесті. Әсіресе, медицина мамандарының ахуалына ерекше көңіл бөлді. Сала мамандарымен кездесу барысында шешімін таппай жатқан күрделі мәселелердің бар екеніне көз жеткіздік. Індетпен күрес кезінде медицина жүйесінің ең осал жақтары анықталды. Жүйедегі кемшіліктер қоғамның қатаң сынына ұшырады. Көптеген азаматымызды, оның ішінде дәрігерлерімізді жұқпалы дерттің құрсауынан сақтап қала алмадық. Отандық медицина ауыр сынаққа төтеп бере алмады, - дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Оның айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда денсаулық сақтаудың екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды.
Оған триллиондаған қаржы бөлінді. Алайда саланы нығайтуға байланысты жұмыстар - денсаулық сақтаудың қазіргі проблемаларын неге жоя алмады? Жүйені жаңғыртуды көздеген реформалардың игілігін неге көре алмадық деген заңды сауал туындайды. Қаншама қабылдаған шараларға қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын қорғауды дамытудың жолын таба алмағаны түсініксіз, - дейді депутат.Ол сонымен бірге еліміздің көптеген ауруханада тыныс алу аппараттары, орталықтандырылған оттегі, компьютерлік томографиялар, вакум жүйесі жетіспейтінін айтты.
Стандарт бойынша, ауруханалардың төсек-орнының кемінде 10 пайызы өкпені жасанды тыныс алу аппараттарымен қамтамасыз етуі тиіс. Мұның бір де біреуі сақталмаған ауруханаларға қалай лицензия беріліп келген. Аудандар мен ауылдардың біразында амбулоториялар талапқа сай емес немесе тапшы болып отыр. Мысалы, Маңғыстау облысындағы 170 мың халқы бар Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана жоқ болғандықтан халық облыс орталығы Ақтауға баруға мәжбүр, - дейді сенатор.