Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін дәстүрлі түрде «Хан Шатыр» СОСО жанындағы алаңда Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облыстарының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі басталды.
Бұл жәрмеңке бұрынғыдан өзгерек, себебі аймақтық жәрмеңкелердің соңғысы. Шара әдеттегідей екі күнге созылады.
Бұл жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысы 700 тоннаға жуық өнім түрін әкелген.
СҚО бойынша ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жетекшісі Ерболат Бекшенов айтқандай, өнімнің басым бөлігін көкөніс пен картоп құрайды.
70-80 тоннаға жуық ет жеткізілді. Оның ішінде сиыр, жылқы, қой мен шошқа еттері бар. Сүт өнімдері де бар. Біздің өңірде өндірілетін сүт өнімдері СҚО-ға ғана емес, республика бойынша да танымал. Мысалы, «Зенченко», «Маслодел» ЖШС өнімдері, шұжық өнімдері бар. Балықтың көп түрі жеткізілді. 30 тоннаға жуық ұн да сатылымға шығарылып жатыр, - деді Бекшенов.
Елордалықтар аталған өнімдерді нарық бағасынан 15-20 пайызға арзанға сатып ала алады.
Мысалы, картоп, қызанақ, сәбіз өнімдерінің келісі 70 теңгеден болып жатыр. Біз бұл жәрмеңкеге жыл сайын қатысамыз. Өнімге ешқандай шағым болып көрген емес. Себебі бізде экологиялық таза өнімдер өндіріледі. Өте жоғары сұранысқа ие. Бүгін 09-30-дан бастап тұрғындар келіп, өнімдерді сатып алып жатыр. Әкелген барлық өнімді сатып жібереміз деп үміттенеміз. Бүгінгі жәрмеңкеге 13 аудан мен Петропавл қаласы қатысып отыр. Бұл 130-ға жуық компания мен 100-ден астам өнім түрін құрайды,- деді ол.
Оның айтуынша, шаруаларға жәрмеңкеден келетін пайда бар.
Олар өздерінің өнімін әкеледі. Бүгін елордалық әкімдік 100-ден артық орынды тегін ұсынып отыр. Биыл құс етін әкелмедік. Себебі құс тұмауы таралып жатыр. Соған қатысты құс өнімін сатып жатқан жоқпыз, - деді ол.
Жәрмеңкеде Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен облыстың ауылдық аймақтарының ауыл шаруашылығы құрылымдары да өз өнімдерін ұсынды.
Павлодар облысы еттің барлық түрі мен шұжық, кондитерлік өнім, макарон өнімдері мен жарма, қымыз, май, көкөніс пен картоп өнімдерін жеткізген.
Жәрмеңкедегі сиыр етінің келісі 1700 теңге, қой еті 1800, жылқы еті 1800 теңгені құрап отыр.
Елордалық тұрғын Жадыра Қойбағарова әр демалыс сайын аймақтан келген өнімдер қойылатын жәрмеңкеге келетінін айтты.
Бұл жәрмеңке тұрғындарға өте қолайлы болып отыр. Демалыс күндері жәрмеңкеге келіп бар қажетті өнімді арзан бағаға сатып алуға болады. Әдетте әрбір облыс өзінің өнімдерімен ерекшеленеді. Мысалы, Атырау облысы келгенде балық өнімдерін алуға тырыстым. ШҚО келгенде бал жинадым. Бүгін Павлодар облысы жағынан кондитер өнімдері, СҚО-дан ет пен картоп өнімтерін сатып алдым, - дейді ол.
Еске сала кетейік, аталған екі облыс ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің нүктесін қойып отыр.
Осыған дейін Қазақстанның өзге аймақтары да елорда жәрмеңкесінде өз өнімдерін таныстырды.