Жұмыс орнын сақтау жеке жауапкершіліктеріңізде – Махамбет Досмұхамбетов

27 Наурыз 2020, 06:50
1750
Бөлісу:
Жұмыс орнын сақтау жеке жауапкершіліктеріңізде – Махамбет Досмұхамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі ірі компания басшыларымен жұмыс орындарын сақтауға қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймақтағы ірі компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізген. Жиында екі мәселе қаралған: жұмыс орындарын сақтау және "Біз біргеміз" жалпыұлттық акциясын қолдау.

Облыс басшысы президенттің тапсырмасымен қазіргі кезеңде кәсіпкерлік субъектілеріне үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол әр мекеме басшысы өнім өндірісінің көлемін жоспарға сәйкес жүзеге асыруға және жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты.

Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, қазір компаниялармен екіжақты меморандумға қол қойылады, соған сәйкес компаниялар мұнай бағасының төмендеуі мен елдегі төтенше жағдайға байланысты өз қызметкерлерін қысқартпауға міндеттеледі.

Кәсіпорындарда тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыру бірінші басшылардың жеке жауапкершілігінде екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, баршаңызды жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етуге шақырамын. Осы мақсатта әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біздің тарапымыздан типтік меморандумдар дайындалды, - деді аймақ басшысы. 

 

Сонымен қатар, өңір басшысы төтенше жағдайда атыраулық студенттерді шетелден және еліміздің өзге аймақтарынан алдыртуға көмек көрсеткен компанияларға алғысын білдірді. 


Өзгелердің жаңалығы