Жұмағалиев ауылдық жерлерге қашан жылдамдығы жоғары интернет жететінін айтты

1 Қазан 2019, 10:31
2957
Бөлісу:
Жұмағалиев ауылдық жерлерге қашан жылдамдығы жоғары интернет жететінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев елдімекендерде кеңжолақты интернетті дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Елбасының тапсырмасын және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасын іске асыру аясында, елді мекендерді интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кеңжолақты интернет қолжетімді. Ол талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері секілді әр түрлі технологиялармен қамтылған», - деді Жұмағалиев.

Министр 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингіде ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болғанын, интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы халықтың 81,3% құрағанын және әлемдік рейтингіде 45–орынға ие болғанын атап өтті.

«Ауылдық жерлерді кеңжолақты интернетпен ары қарай қамту үшін  2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде талшықты-оптикалық желілерді салу жобасын іске асыру 1250 ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. 2019 жылдың алты айында талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарланып отыр. Екінші кезең – LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді дамыту арқылы 3143 ауылды:  2019 жылы – 574,  2020 жылы – 1046 және 2021 жылы – 1523 ауылды интернетпен қамту жоспарлануда. Осы аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл кеңжолақты интернет желісімен қамтылады. Одан әрі тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарланып отыр», - деді Жұмағалиев.

Министр 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елдімекен интернет желісіне қосылатынын айтты. Ал қалған ауылдарға спутниктік байланыс арқылы интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. 

«Бұл орайда ауылдық елді мекендерді интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігімен жасалған  перспективті ауылдар тізіміне сәйкес орындалатын болады. Сондай-ақ, интернет желісінің жұмыс істеу сапасын жақсарту мақсатында, министрлікпен байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтау барысында өлшем жұмыстары жүргізіледі. Байланыс сапасы нашар қамтылған аймақтарда қосымша базалық станцияларды орнату мәселелері әкімдіктер және байланыс операторларымен пысықталды», - деді ведомство басшысы.


 


 

Өзгелердің жаңалығы