Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Құдайберген Жұбановтың 120, филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Жұбановтың 90 жылдық мерейтойлары өтті. Мерейтойға ғалымның ұлы Асқар Жұбанов қатысты.
Ақтөбе өңірі бүгін қазақ тілі білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов тағы да ұлықтады. Қоғам қайраткерінің 120 жылдық мерейтойына, ұлы Есет Жұбановтың 90 жылдық мерейтойына орай аймақта "Жұбанов тағылымы" атты дәстүрлі X халықаралық ғылыми конференция өтті. Шара жыл сайын өтікзіледі. Биылғы ерекшелік – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 4 кітаптың тұсаукесері өтті. "Қ.Жұбанов" кітабында Жұбанов шығармаларының толық жинағы басылған.
Тұңғыш рет шығарылған кітапта ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектерімен қатар бұған дейін ғылыми көпшіліктің назарынан тыс қалып келген газет-журнал беттерінде жарияланған мақалалары, өлеңдері, әңгіме-памфлеті, ғалым туралы таңдаулы естеліктер бар. Ал, "Қ.Жұбанов және қазақ руханияты" кітабында профессордың тіл мәселелері, әдебиет, ауыз әдебиеті, мәдениет және тарихи тұлғалар туралы көзқарастары талданып, азаматтық тұлғасы дүниетанымдық тұрғыдан зерделенген. Одан өзге, Құжайберген, Есет Жұбановтардың бибилиографикалық көрсеткіштері де жарық көрді.
"Биылғы конференцияның ерекшелігі көп. Қ.Жұбановтың еңбектерінің жинағының 5-ші басылымы қайта жинақталып шығарылды. Библиографикалық көрсеткіштері дайындалды. Қ.Жұбановтың орыс тіліндегі "Из истории порядка слов в казахском предложении" еңбегі болгар, ағылшын, неміс, қазақ тілдерінде аударылып, аудармалар жинағы жарық көрді. Бұрынғы дәстүрлі конференциялардан осынысымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, 16 елден Қ.Жұбановтың өмірі мен зерттеулеріне арналған суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Есет Жұбанов атындағы конференц-зал ашылды", - Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ филология факультетінің деканы Гүлзат Садирова.
Дәстүрлі X халықаралық ғылыми конференцияға Қ.Жұбановтың ұлы Асқар Жұбанов қатысып, әкесі туралы естеліктерін айтты. Дүниеге келгеніне 6 күн толғанда әкесі "Халық жауы" атанып, атылған. "Жұбанов туралы айтылмаған сөздер көп" дейді профессордың ұлы.
"Көптен күткен шара. Қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, ғалым. Осылай атағы шықты. Дегенмен, тағдыры мақтанарлықтай болмады. "Халық жауы" атанды. Мен дүниеге келіп, перзентханадан үйге шығарып алған екен. Сол күні әкемізді ұстап әкеткен. Оған қоса, әкемнің кітапханасындағы шығармаларын, дүниелерін еш рұқсатсыз алып кеткен. Сол баспаға ұсынылған еңбектері, қолжазбалары шықпай қалды. 1957 жылы ақталып, үлкен ғылыми конференция өтті. Рабиға Сыздықова секілді үлкен ғалымдар қатынасты. Рабиға Сыздықованың айтуынша, 10 сериямен шығармасын баспаға тапсырған. Қолдағы бары "Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер" деген екі-ақ сериясы. Қалған 8 сериясының аты мен не жазылғандығы бар да, өзі жоқ. Баспаға деп тапсырған, алайда шықпады. Енді мына жас ғалымдар тауып алуға тырысып жатыр. Аты бар, заты жоқ еңбектері архивтерден шығып жатыр. Біртіндеп табылатын шығар деп ойлаймын", - деді Қ.Жұбановтың ұлы Асқар Жұбанов.
Конференцияға қатысушы меймандар Жұбановқа арналған деректі фильмді де тамашалады. Фильмді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері түсірген.
"Қ.Жұбанов қазақ тілінің деңгейін лингвист ретінде зерттеген. Әдістемесін қалыптастырған кәсіби ғалым. Қ.Жұбанов халық жауы деген атақтан ақталған уақытта академиктер Мұхтар Әуезов пен Ісмет Кеңесбаевтар бірден "Қ.Жұбанов – қазақ тіл білімінің классигі, тіл білімінің негізін салушы" деп мақалалар жазды", - деді мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы.