Зейнеткерлердің гаджетті меңгермегенін пайдаланатын «пысықайлар» бар - Саиров

8 Қараша 2021, 19:58
1013
Бөлісу:
Зейнеткерлердің гаджетті меңгермегенін пайдаланатын «пысықайлар» бар - Саиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте қарады.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 2019-2021 жылдар аралығында 222 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, 122 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Кеңес мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Ғалым Байтоқтың айтуынша, инспекция барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы да бар.
Мемлекеттік корпорация 2019 жылы 37,7 млрд теңгеге сатып алу жүргізді. Бұл соманың 70%-дан астамы тікелей бір көзден алынған. Сатып алу туралы 10 мың шартта 4 мыңнан астам тәуекел анықталған. Конкурстарда 705 жеткізуші тендерлерді басқаларға қарағанда жиі ұтып алған, 2 мыңнан астам келісімшартта бағалар жоғары көрсетілген, жеткізу мерзімі қысқа. Сонымен қатар, корпорация бюджетті тиімсіз жоспарлау бойынша антирейтингте 1-ші орынға шықты, - деді Ғалым Байтоқ.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та өзекті мәселені көтерді. Ол Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметтері қалаларға қарағанда ауыл тұрғындары үшін қолжетімді еместігін алға тартты.
Аудан орталықтарынан 200-300 шақырым жерде орналасқан шағын ауылдар бар. Ауыл тұрғындарына ол жаққа қатынау қиын. Бұл әсіресе, шекаралас аудандарда өзекті. Шешімін табуы тиіс тағы бір мәселе – барлық жерде қаптап жүрген «делдалдар». Азаматтардың сенгіштігін немесе қарапайым халықтың бір бөлігі, әсіресе, зейнеткерлердің электронды гаджеттермен жұмыс істей алмайтынын пайдаланатын «пысықайлар» бар, - деді Ерлан Саиров.
Бұған жауап ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ басқарма төрағасы Әділ Қожихов бүгінде Интернетке қол жеткізу қиындық туғызатын шалғай елді мекендерге арнайы баратын 69 мобильдік ХҚКО жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ол Кеңес мүшелерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі стандартты әзірледік, 5 мыңға жуық түрлі алдын алу іс-шарасын өткіздік. Мұндай іс-шаралардың біразы «Nur Otan» партиясымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізілді. «Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген ішкі тексерулердің нәтижесінде дербес деректерді үшінші тұлғаға берудің 23 фактісі анықталды, - деді Әділ Қожихов.
Сондай-ақ, жиын барысында партия мүшелері 200 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан облысының Сайрам ауданында бір ғана халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтініне назар аударды. Мемлекеттік корпорацияға екінші орталық ашу мәселесін пысықтау ұсынылды.

Сонымен қатар, Кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Медициналық мекеме қызметкерлерінің қызмет көрсету мерзімін сақтамауының салдарынан халықты емханаларға тіркеу кезінде мерзімін өткізіп алу мәселесі жиі кездеседі. Бұл жалғыз мекемеде кездесетін жағдай емес. Мұндай мысалдар көп. Мемлекеттік қызметтерді уақтылы көрсетпегені, электрондық құжаттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін, сондай-ақ ақпараттық сервистердің, оның ішінде egov.kz порталының жұмысындағы іркілістер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізген жөн, - деді Ғалым Байтоқ.

Жиын қорытындысында «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан және уәкілетті мемлекеттік органдардан барлық айтылған мәселелерді бақылауға алуды және оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді талап етті.
Өзгелердің жаңалығы