"Зейнеткерлерді жастарға қарсы қойып жатыр": Депутат халықты алаңдатқан мәселені көтерді

6 Қараша 2024, 15:50
1245
Бөлісу:
"Зейнеткерлерді жастарға қарсы қойып жатыр": Депутат халықты алаңдатқан мәселені көтерді
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнеткерлерге қатысты айтқан бастамасына пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы Еңбек министрлігінің ұсынысы қоғамды алаңдатқанын айтты. Сөзінше, бұл шара еңбек ету және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін ҚР Конституциясына қайшы келеді.

Зейнетке шығу біздің азаматтардың ешқайсысы үшін өлім жазасы емес. Әрбір Қазақстан азаматы зейнет жасына жеткенде де адал еңбек етуге құқылы, әйтпесе кәсіби мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа да санаттағы мамандардың тапшылығына байланысты мәселелерді қалай шешуге болады? - деді Айдос Сарым.

Депутат Қазақстан экономиканың барлық саласында және секторында өткір кадрлық дағдарысты бастан кешіріп жатқанын және бұл дағдарыс жұмыс орындарының жетіспеушілігімен емес, біліктіліктің еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуімен байланысты екенін атап өтті.

Мәселен, enbek.kz Еңбек биржасының мәліметінше, 4 қарашадағы жағдай бойынша 53 826 бос жұмыс орны болса, оның 13 356-сы еңбек өтілін талап етпейді. Басқа жұмыс іздеу платформасы Head Hunter (hh.kz) 47 946 бос жұмыс орнын қамтиды. Тағы бір тенденция, яғни Қазақстаннан шетелге жұмыс күшінің, негізінен жастардың кетуі байқалады. Мұндай тенденциялар жұмыс орындарының жоқтығынан емес, жалақының төмендігінен, еңбек жағдайларының тартымсыздығынан. Осылайша, екі ірі еңбек биржаларында талап етілмеген бос жұмыс орындарының болуы және кадрлардың республикадан тыс кетуі қазіргі еңбек ресурстарын дамыту жүйесінің құрылымдық кемшіліктерін көрсетеді, - деп айтты Мәжіліс депутаты Еңбек министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында.

ЭЫДҰ әдістерін қолдана отырып, 2021 жылы жүргізілген жұмыс күші дағдыларын талдау жас және аға буын арасындағы дағдылардың үш есе айырмашылығын көрсетті. Бұл жаңа қызметкерлердің бұрынғыларға қарағанда біліктілігі төмен болуы мүмкін деген қауіптерді білдіреді. 

Біліктілікті талдау ұрпақтар арасындағы айтарлықтай алшақтықты анықтады, бұл еңбек нарығы үшін қосымша тәуекелдерді тудырады. Қалыптасқан проблемалар елдегі кадрлар даярлау жүйесін терең реформалау және еңбек жағдайын жақсарту қажеттілігін көрсетеді.

Сонымен қатар мұндай бастамалар ұрпақ арасына алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қойып жатыр. Зейнеткерлер жастардың жұмысын «тартып алып отыр» деген уәж сындарлы емес. Сондай-ақ Еңбек министрлігінің 2015 жылы зейнеткерлерді жұмыстан шығаруды заңдастыру туралы асығыс шешімі халықаралық еңбек стандарттарына қайшы келеді. Ол жас бойынша кемсітушілікті заңдастырып, шенеуніктердің, әсіресе зейнеткерлердің құқықтары сияқты мәселелерде негізделген шешім қабылдауға дайын еместігін көрсетеді, - деп Айдос Сарым алдағы уақытта әлеуметтік шиеленіс тудыратын мәлімдемелерден аулақ болуға шақырды.

Бұған дейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнеткерлерге қатысты ақпаратты жоққа шығарған еді.

Өзгелердің жаңалығы