Іскер алаяққа сеніп қалған әйел оның шын мәнінде жоқ қызметтері үшін айлар бойы ақша төлеп, ақыры алданғанын кеш түсінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен жылдың тамызынан қараша айына дейін алаяқ Мойынқұм ауданындағы тұрғын әйелдің сеніміне кіріп алған. Оның әлсіз тұсын, яғни зейнетақы жинағын пайдалануға деген ниетін байқаған соң, бұл «күрделі мәселеде жүз пайыз көмектесемін» деп бірден ұсыныс жасаған.
Әйелдің зейнетақы қаражатын шешіп алу рәсімінің заңдық қыр-сырын мүлде білмейтінін пайдаланған күдікті одан ақшаны жүйелі түрде сыпырып ала бастаған. Түрлі анықтама, комиссия және өз қызметі үшін төлем керек деген сылтаумен оны өзінің есепшотына тұрақты түрде ақша аударуға көндіріп отырған.
Сөйтіп бірнеше айдың ішінде жалған көмекші 4,8 млн теңгеден астам қаржыны иемденіп кеткен. Әрине, әйел ешқандай зейнетақы төлемін көрмеген, ал алынған ақшаның бәрін алаяқ жеке қажетіне жаратып жіберген.
Алдау әшкере болған соң іс сотқа жетті. Алаяққа ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша айып тағылды. Айыпталушылар орындығына отырған соң ол тактикасын күрт өзгертіп, кінәсін толық мойындаған. Шын өкінетінін барынша көрсетіп, өзін түрмеге жаппауын өтінген. Мемлекеттік айыптаушы істің мән-жайын ескере отырып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза сұраған.
Алайда бұл процестегі ең таңғаларлығы – жәбірленушінің өзі ұстанған ұстаным болды. Келтірілген ірі шығын толық өтеліп үлгермесе де, әйел өзін алдаған адаммен татуласқанын айтып, оны бостандықта қалдыруды да сұраған.
Үкім шығару кезінде сот айыпталушының шын жүректен кінәсін мойындауын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Прокурордың ұстанымы мен жәбірленушінің кешірімін назарға алған сот ер адамды кінәлі деп танығанымен, оны қамауға алған жоқ. Оған 3,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Енді жеңіл жолмен ақша табуды көздеген азамат қатаң пробациялық бақылауда болады.