"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ соңғы уақытта алаяқтардың жалған ақпарат тарату жағдайларының жиілеп кеткенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформаларында зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға немесе сақтандыру ұйымдарына аудару жолымен қолма-қол алу бойынша делдалдық қызметтер көрсету туралы ұсыныстар жіберіледі. Тек мұндай қызметі үшін хабарлама иесі белгілі бір көлемдегі сыйақыны талап етеді.
"БЖЗҚ" АҚ бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруындағы немесе зейнетақы аннуитеті шарты бойынша өмірді сақтандыру компанияларында орналастырылған зейнетақы жинақтарын қандай да бір делдалдар арқылы алу мүмкін емес. Ал салымшыларға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ғана заңнамада көзделген, тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделу мақсаттарына пайдалану үшін шешіп алуға рұқсат етіледі, - делінген БЖЗҚ таратқан хабарламада.
Алаяқтар ұсынған схемаларға қатысуға келісе отырып, сіз өз ақшаңызды жоғалту қаупін тудырып қана қоймай, сонымен қатар болашақта басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін жеке деректеріңіздің сақталуына да қауіп төндіресіз.
"БЖЗҚ" АҚ өз салымшыларына соңғы кездерде жиі таралып кеткен осындай "жалған" хабарламаларды елемеуге және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуға қатаң кеңес береді.