Жалпы 2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына республикалық бюджеттің шығыстары 6 трлн 833 млрд теңге сомасына көзделген, бұл 2025 жылғы шығыстардан 15,1% - ға немесе 897,7 млрд теңгеге артық. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік-еңбек саласына жұмсалатын шығыстар ЖІӨ - ге қатысты 3,7%, ал республикалық бюджетке – 24,6% құрайды.
Көзделген шығыстардың 99,3% немесе 6 трлн 783 млрд азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталатын болады. Оның ішінде 4 трлн 890 млрд теңге зейнетақымен қамсыздандыруға қарастырылған, бұл 2,6 млн зейнеткерді қамтуға, 1 трлн 893 млрд теңге – барлық жәрдемақыларды төлеуге мүмкіндік береді, бұл шамамен 2,3 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді.
Қалған қаражат мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек көрсету, есту қабілеті бұзылған балаларға есту-сөйлеуді оңалту, оңалту орталықтарын салу, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетуге және т. б. бағытталатын болады, – дейді ведомстводан.
Айта кету керек, бүгінгі күні республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 2025 жылы жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,6 млн адамға 5 трлн 858 млрд теңге жіберілді, оның ішінде 2,5 млн-ға жуық зейнеткерлер мен 2,1 млн-нан астам мемлекеттік жәрдемақы алушылар.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қабылдаған әлеуметтік төлемдер бойынша барлық міндеттемелер уақытылы және толық көлемде орындалды.