Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Зейнетақы мен жәрдемақы жыры: Мың сұраққа бір жауап

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
15 Қыркүйек 2025, 07:30
3466
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Зейнетақы мен жәрдемақы төлемдеріне қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай редакциямыздың ресми сауалына берген ресми жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі қолданыстағы Әлеуметтік кодекс бойынша зейнетақылар мен жәрдемақылар тек Қазақстан азаматтарына және ел аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтарына ғана тағайындалады.

Қазақстан аумағында тұрақты тұрудың негізгі белгісі – азаматтың тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болуы. Бүгінде бұл талап зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде тек бір реттік негізде қарастырылады, – делінген вице-министрдің жауабында.

Алайда, министрлік қазіргі заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігін алға тартып отыр. Яғни, зейнетақы мен жәрдемақы алушы тұлғалар осы төлемдерді алып отырған бүкіл кезең бойында тұрақты тіркеуде болуы шарт.

Осы талапты нақтылау мақсатында заңнамаға толықтырулар енгізу ұсынылады. Егер азаматтың тұрақты тіркеуі болмаса, төлемдер уақытша тоқтатылады. Ал тіркеу қайта расталған жағдайда, төлемдер тоқтатылған күннен бастап қайта басталады, – деп нақтылады Шегай.

Сондай-ақ министрлік өкілдері қазіргі талқыланып жатқан құжаттың әлі заңдық күшке ие еместігін еске салып өтті. Бұл құжат – реттеушілік саясаттың Консультативтік құжаты және ол тек халықпен ашық талқылау үшін әзірленген. Құжатта ұсынылған нормалар болашақта заңнамаға енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, мониторинг кезінде зейнетақы мен жәрдемақы алатын азаматтардың 100 мыңнан астамында тұрақты тіркеуі жоқ екені анықталған.

Осыған қарамастан, 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі базалық зейнетақы, ынтымақтық зейнетақы төлемдері және өзге де көрсеткіштер 10%-ға ұлғайтылатынын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы