Елімізде халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында әлеуметтік салада да бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін өсіп, аналарымыз бен апаларымыз 2028 жылға дейін зейнетке 61 жасында шығатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2022 жылы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы екенін айтты. Президент мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізуді тапсырған болатын. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режімінде Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды.
Ең төменгі жалақы деңгейі өсті
Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді, - деді Тоқаев былтырғы Жолдауында.
Үкіметтің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін арттырылды.
1,8 млн-нан астам жалдамалы қызметкердің табысы өсті.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер қызметкерлеріне ЕТЖ мөлшерінен төмен емес деңгейде жалақы тағайындауға міндетті.
Бала күтіміне төлем 1,5 жасқа дейін төленеді
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартуды тапсырған болатын. Тоқаев атап өткендей, балалардың ең маңызды шағында, яғни сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.
Биыл 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бала күтімі бойынша төлем ұзақтығы 1,5 жасқа дейін ұзартылды.
2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен 107,2 мың жұмыс істемейтін ата-ана 20,9 млрд теңге сомасына жәрдемақы алды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 439,6 мың ата-ана 144,8 млрд теңге сомаға табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Әйелдердің зейнет жасы
2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп белгілеуге тапсырма берді. Көп ұзамай тиісті заң қабылданды.
Бұдан былай 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін әйелдер 61 жасында зейнетке шығады. Бес жылдан кейін зейнеткерлік жас жарты жылға көтеріліп, 2031 жылы 63 жасқа жетеді деп жоспарланып отыр.
Зейнетақы өсті
Жыл сайын инфляция деңгейіне базалық зейнетақыны және ынтымақты зейнетақыны индекстеуден басқа – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына өткен Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында инфляция деңгейінен 2%-ға артып, Мемлекеттік зейнетақы төлемдерін тағайындау параметрлерін өзгерту есебінен 1,4 млн-нан астам адамның зейнетақысы қосымша өсті.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде мыналар көзделген.
Біріншіден, 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңде ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54-тен 70%-ына ал, ең жоғары мөлшерін – 100-ден 120%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жүзеге асырылады.
Осы жылдың басында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 54% - дан 60% - ға дейін көтерілді. Бұл өсім, ең алдымен, ең төменгі зейнетақы алушыларға бағытталған. Олар үшін базалық зейнетақының өсуі 21%.
Бес жыл ішінде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 50% - ға дейін артады және бұл Қазақстанның барлық зейнеткерлеріне (бүгінгі күні 2,3 млн адам) қатысты болады.
Бұл ретте базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің инфляция деңгейіне өзгеруіне байланысты жыл сайын арттырылады.
Екіншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Көпбалалы отбасыларға берілетін төлем өсті
Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 545,1 мың отбасы жалпы сомасы 239 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде шілде айында 541,4 мың отбасына 33,8 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасыларындағы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
13 800 теңге мөлшерінде.
Еске салайық, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артты.