АҚШ-тағы саяси өзгерістер мен Украинадағы ішкі шиеленіс Владимир Зеленскийдің саяси тағдырына қатысты сұрақтарды көбейтіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Times басылымының дерегінше, Украинадағы оппозициялық күштер Зеленскийден кейін билікке келу мүмкіндігін қарастыра бастаған. Экс-президент Петр Порошенко мен бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко – басты кандидаттар қатарында. АҚШ-тағы кейбір жоғары лауазымды тұлғалар Дональд Трамптың оралуы аясында украиналық саясаткерлермен құпия келіссөздер жүргізген.
Сонымен қатар, Зеленскийдің бұрынғы серіктесі, кейіннен оппозицияға өткен Александр Дубинский де жаңа аудиторияға ие болуда. Ол түрмеде отырса да, TikTok-тағы қаралымдарын 40 мыңнан 1,6 миллионға дейін арттырды. АҚШ-тың оңшыл басылымдары оның мәлімдемелерін таратуда.
Украина билігі соғыс жағдайына байланысты президенттік сайлауды кейінге қалдыруды қолдайды. Қазіргі заңнамаға сәйкес, әскери жағдай аяқталғанға дейін сайлау өткізуге тыйым салынған.
Алайда, Зеленскийдің қарсыластары бұл мәселені ашық талқылай бастады. Олардың пікірінше, соғыс кезінде сайлау өткізудің заңдылығына күмән бар. Себебі ел аумағының бір бөлігі оккупацияда қалып отыр. Екіншіден миллиондаған азамат шетелге қашуға мәжбүр болды.
Киевтегі зерттеулерге сәйкес, Зеленскийдің қазіргі рейтингі 68%-ға дейін өскен. Бұл оның халық арасындағы қолдауы әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Алайда, оппозиция да өз позициясын күшейтуге тырысып жатыр. Порошенко мен Тимошенконың Трамп жақтастарымен келіссөз жүргізгені туралы ақпарат тарауда.
The Times мәліметінше, Украинадағы саяси күрес жалғасуда. Оппозициялық топтар билік транзитіне дайындықты бастап кеткен.