Зеленский: Ресейді мәжбүрлеу керек

8 Наурыз 2025, 11:25
1528
Бөлісу:
Зеленский: Ресейді мәжбүрлеу керек

Украина президенті Владимир Зеленский соғысты тоқтатуға ең алдымен Ресейді мәжбүрлеу керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Украинская правда»-ға сілтеме жасап.

7 наурыздағы Ресейдің жаппай шабуылынан кейін Зеленский Жоғарғы бас қолбасшының Ставка отырысын өткізіп, онда Украина әуе шабуылына қарсы қорғанысының жұмысы талданды.

Біз әлсіз тұстарды анықтап, табысты тәжірибені кеңінен қолдануымыз керек. Бүгін осы мәселеге байланысты барлық қажетті есептер тыңдалды. Әсіресе, біздің әуе шабуылына қарсы қорғанысымыздың тиімділігіне ерекше көңіл бөлінді, – деді Зеленский.

Зеленскийдің айтуынша, Ресей 260-тан астам әуе соққысы құралын қолданып, энергетикалық инфрақұрылым мен бейбіт нысандарды атқылаған.

Ресейдің бұл шабуылы еш қымсынбай, әдеттегідей қатыгездікпен жасалды. Украина мен әлем бұл соғысты тоқтатуға тырысып жатқанымен, Ресей оған құлақ аспай отыр, – деп атап өтті ол.

Украина президенті Киевтің бейбіт келіссөздерге дайын екенін, бірақ Ресейдің соғыс әрекеттерін жалғастырып жатқанын айтты.

Соғысты доғаруға, шынайы дипломатияға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақты бейбітшілікті орнатуға, күн сайынғы соғысты тоқтату үшін ең алдымен Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеу керек екенін дәлелдейді, – деді Зеленский.

Сондай-ақ ол украиналық әскерилерге кәсіби әрекеттері үшін алғыс білдіріп, Франция президенті Эммануэль Макронға көмегі үшін ризашылығын айтты. Зеленский француздардың “Мираж” жойғыш ұшақтарының Украина әуе қорғанысына көмектескенін ерекше атап өтті.

Бұған дейін АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейту мүмкіндігін мәлімдеп, “Ресей Украинаға соғыс алаңында ауыр соққы беріп жатыр” деп айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы