Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Зеленский Еуропа көшбасшыларын Трамппен кездесу туралы хабардар етті

18 Қазан 2025, 05:18
683
Бөлісу:
 AP Photo / Heinz-Peter Bader
Фото: AP Photo / Heinz-Peter Bader

Еуропа мемлекеттерінің басшылары Украина президенті Владимир Зеленскийге Ресейді келіссөздер үстеліне қайта отырғызу үшін қолдауды күшейтуге уәде берді. Бұл туралы Германия үкіметі атынан Министрлер кабинеті өкілі Штефан Корнелиус мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Германия канцлері Фридрих Мерц, бірқатар еуропалық көшбасшылар және НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Украина президенті АҚШ басшысы Дональд Трамппен Ақ үйде өткен кездесудің мазмұны туралы әріптестерін хабардар еткен.

Канцлер Фридрих Мерц және еуропалық серіктестер Трамппен өткен сындарлы кездесуді құптап, Украина үшін әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы күш-жігердің маңыздылығын атап өтті, – деді Корнелиус.

Оның айтуынша, Еуропа көшбасшылары Зеленскийге Ресейді байыпты келіссөздерге тарту үшін қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген. Бұл қадам ЕО-ның 19-шы санкциялық пакеті аясында қысымды күшейту және Ресейдің мұздатылған мемлекеттік активтерін пайдалануға қатысты шараларды қамтиды.

Фридрих Мерц те әлеуметтік желідегі парақшасында Зеленский мен Трамп кездесуінен кейін Еуропа елдері жағдайды мұқият қадағалап отырғанын және «енді Украинаға нақты бейбітшілік жоспары қажет» екенін жазды.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Ақ үйде Владимир Зеленскиймен кездесіп, Украинаға қару-жарақ жеткізу және Ресей президенті Владимир Путинмен алдағы Будапешттегі келіссөздер тақырыбын талқылаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы