Украина президенті Владимир Зеленский Еуропалық кеңес отырысында қатысушыларға арнап үндеу жариялады. Ол Еуроодақ елдерін Украинаға көрсетілетін қолдауды тоқтатпауға және оны одан әрі күшейтуге шақырды.
Зеленский әсіресе әуе шабуылынан қорғану жүйесі, әскери көмек және ортақ тұрақтылық мәселесіне баса назар аударды. Оның айтуынша, Украинаға артиллериялық снарядтар үшін қаржы қажет. Осыған байланысты ол Еуроодақтан қысқа мерзім ішінде кемінде 5 миллиард еуро көлемінде қолдау көрсетуді сұрады.
Бізге қару-жарақ өндірісіне инвестициялар қажет. Бұл тек Украинада ғана емес, сіздердің елдеріңізде де маңызды. Еуропаға технологиялық тәуелсіздік керек, оның ішінде қару-жарақ өндірісі де, – деді Зеленский.
Президент сонымен қатар Украинада бар заманауи технологиялардың – әсіресе дрондар мен радиоэлектронды күрес саласындағы – бүкіл Еуропа мен жаһандық әріптестерге пайда әкелетінін атап өтті. Аталған технологиялар қазіргі уақытта елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етіп отыр.
Оларды ары қарай дамыту, жаңғырту және тиімділігін арттыру – сіздердің инвестицияларыңызбен және бірлескен өндіріс жобаларымен жүзеге асады. Бұл – Еуропаның жаңа қауіпсіздік негізін қалыптастырады, – деді Украина басшысы.
Сөз соңында Зеленский Еуроодақты Ресейге қарсы санкцияларды әлсіретпеуге шақырды. Оның айтуынша, санкциялар Ресей әскерінің Украинадан толықтай шығарылып, келтірілген зиянның өтемі қайтарылғанға дейін сақталуы тиіс.
Дипломатиялық келіссөздер жүріп жатқанымен, Ресейге қысым бәсеңдемеуі керек. Бұл – олардың алдаушылық әрекеттерін азайтудың басты кепілі. Біз Ресейді бейбітшілікке итермелеуді жалғастыруымыз керек. АҚШ және басқа да әріптестермен бірге біз мұны жүзеге асыра аламыз, – деді Зеленский.