Украина президенті Владимир Зеленский келесі аптада Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Кездесудің басты мақсаты – АҚШ әкімшілігін Киев пен Еуропа қолдап отырған қауіпсіздік кепілдіктері жүйесіне қосылуға шақыру.
Біз барлық әріптестерден қауіпсіздік кепілдіктерін алуымыз қажет. Осыған қаншалықты жақын екенімізді білгім келеді, – деді Зеленский.
Bloomberg-тің дерегінше, Трамптың БҰҰ-дағы сөз сөйлеуі 23 қыркүйекке, Зеленскийдің мәлімдемесі 24 қыркүйекке жоспарланған. Дәл қай күні екі лидердің кездесетіні нақтыланбады.
Зеленский АҚШ-пен келіссөздерде қауіпсіздік кепілдіктері мен Ресейге қарсы жаңа санкциялар мәселесі талқыланатынын атап өтті. Оның айтуынша, Украина тағы бір "әскери қыстың" алдында тұр, сондықтан нақты қадамдар қазір жасалуы керек.
Сонымен қатар ол Еуропаның жаңа санкциялық пакеті мен Ресейден энергия сатып алатын елдерге қатысты тариф саясатын қатайтқанын оң бағалады.