Зайытов: Сіріңкеге сүріне беретін меморгандардың шалағайлығы жауапқа тартпаса, жалғаса береді

17 Сәуір 2024, 12:47
635
Бөлісу:
Зайытов: Сіріңкеге сүріне беретін меморгандардың шалағайлығы жауапқа тартпаса, жалғаса береді
Фото: BAQ.KZ - Архив

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елдегі су тасқынына қатысты мәселені көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Апат айтпай келеді” - деп атам қазақ айтқандай біздің елге тағы бір үлкен сынақтың келгенін бәріңіз білесіздер. Бір топ депутаттар бұл хабарды ести сала өңірлерге аттандық. Ондағы мақсатымыз халықтың жағдайын көзбен көріп, арыз-талабын өз аузынан естіп Үкіметке жеткізу еді, - деп Зайытов депутаттық сауалы өзінің сөзі емес, әулетімен әуреге түсіп, баспанасы мен мал-мүлкінен айырылып, тілсіз жаумен тайсалмай күресіп жатқан ержүрек қазақ халқының сөзі екенін жеткізді.

Ринат Зайытов тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар екенін айтты.

Дәлелмен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билікпен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д. Тұрғанов, Б. Базарбек Жылой аудандық мәслихатының депутаты С. Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады, - дейді мәжілісмен өзінің депутаттық сауалында.

Ол “бөренеден аттаймыз” деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса, жалғаса береді деп есептейді.

Сондықтан Президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс. Апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейді, өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен Комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз, - дейді депутат Ринат Зайытов.

Сонымен қатар депутат апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұрады. Оған қоса, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұрады.

Абай мен Қостанайда болған отты опатта да, бүгінгі болып жатқан топан су топалаңында да Қазақстан халқы өзінің бағалы бірлігі мен темірдей төзімін танытты. Міне, осы төзім мен бірліктің арқасында біз бәріміз бұрынғы биліктің жақтастары жасаған қастандықты да, мемлекет тұтастығын бұзғысы келетін сайқал саясаттарын да іске асыруға жол бермей келеміз. Бұл – ұлы ерлік! Ендігі кезекте арсыз арандатудың жетегінде кетпей, жұдырықтай жұмылып, тәуелсіздікті сақтау жолында малын да, жанын да құрбан етіп жатқан, халықтың талап-тілегі тиісті деңгейде орындалады деген үміттеміз, - деп сөзін қорытындылады ол.

Өзгелердің жаңалығы