Зайытов қазақтың болашағына алаңдады

Бөлісу:
Зайытов қазақтың болашағына алаңдады
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов қазақ қоғамы рухани дағдарысқа ұшырап бара жатқанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.


Ол 30 жылда кеткен кемістіктерге назар аударды. 

Біз оған бүгін назар аудармасақ, ол ертеңімізге апат болып келуі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түпкірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті, - деді депутат.

Зайытов қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп екенін айту қиын дейді. 

Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр, - деп санайды Зайытов.

Депутаттың айтуынша, өзімшілдік пен менмендік қоғамның басты індеті болып тұр. Бүгін ойланбасақ, ертең кеш болмақ. Сондықтан, кешіктірмей идеологиялық тәрбие жұмысын күшейтуді бастау керек.

Өзгелердің жаңалығы